«Дара университеттің даңқты түлектері» жобасы: Мәдина Ералиева

    • Мәдина Ералиева 1954 жылғы 2 тамызда Қызылорда облысының Қазалы ауданында дүниеге келген.

      1978 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Музыка факультетін үздік бағамен бітірген.

      Еңбек жолын 1978 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкерліктен бастайды. 1985 жылдан бастап ғұмырының соңына дейін Алматы облыстық филармониясының жетекші әншісі ретінде қызмет етті.

      Ол нәзік те сыршыл үнімен, өзіндік мәнерімен халықтың сүйікті әншісіне айналды. Мәдина Ералиеваның орындауындағы «Айқаракөз», «Ақбаян», «Жылқы ішінде ала жүр» сынды халық әндері мен «Кіресің жиі түсіме», «Сағым жылдар», «Күрең күз» сияқты қазақ композиторларының шығармалары күміс көмей өнер иесінің өзіне ғана тән әншілік мәнерімен, өзіндік орындау ерекшелігімен, ұлттық нақышымен көзіқарақты қауымның есінде жатталды.

      Жезтаңдай әнші 2000 жылы 27 қарашада жол-көлік апатынан қайтыс болды.

      Ол – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, дүниежүзілік жастар мен студенттер фестивалінің лауреаты.

      Өмірін өнермен өрнектеген Мәдина Ералиева халқымыздың ұлттық ән өнерін насихаттауға елеулі үлес қосып, өзіндік бітім-болмысымен халық жадында қалды.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі