АЛМАТЫ. 12 ақпан. Qyzdar Ýnıversıteti – «Jetistikke jetken jastar» медиа жобасының кезекті кейіпкері Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Педагогика және психология факультетінің 1-курс магистранты Әлия Сәдуақасова.

Ол қандай жетістікке жетті? – Әлия Сәдуақасова футзалдан әйелдер арасындағы Қазақстан құрама командасының сапына алынды.

Ол құрама команда сапына қалай алынды? – Бойжеткен футзалмен Қыздар университетіне оқуға түсіп, студент атанған кезден бастап айналыса бастады. 2018 жылдың басында футзалдан әйелдер арасындағы Қазақстан құрама командасына іріктеу жүргізілгенде бағы жанып, команда сапына өтті. Құрамда сондай-ақ С. Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық университеті, Қазақтың спорт және туризм академиясы және Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің студенттері бар.

Әлия Сәдуақасова тағы қандай табысқа қол жеткізді? Ә. Сәдуақасова 1994 жылғы 10-тамыз күні Көкшетау қаласында дүниеге келген. Спортпен 10 жасынан бері айналысады. Бойжеткен бұған дейін «Көкше», «Оқжетпес» және «Барыс» сынды белді спорт командаларының құрамында өнер көрсетіп, шеберлігін шыңдады. Нәтиже де жоқ емес. 2017 жылы Ұлттық Студенттік лига ойындарында «Ең үздік шабуылшы», сол жылы футзалдан әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатында «Ең үздік ойыншы» және 2018 жылы футзалдан VII Қысқы Универсиада ойындарында «Ең үздік шабуылшы» аталымдарымен марапатталған. Әлия Финляндия, Австрия, Бразилия және Түркия мемлекеттерінде өткен байрақты бәсекелерде үздік ойын өрнегін көрсетті.  

Оның қандай мақсаты бар? Жас кезімнен футболға деген әуестігім зор еді. Аулада өз қатарластарыммен команда-команда болып ойнайтынбыз. Аталған спортқа деген сүйіспеншілігім Көкшетаудағы әйелдер футбол клубына алып келді. Өткен жылдың 19-26 тамыз аралығында Алматы қаласында студенттер арасында футзалдан әлем біріншілігі өтті. Жаһандық айтулы спорт додасы ТМД елдері ішінде тұңғыш рет Қазақстанда өз байрағын көтеріп отыр. Қазақстан Республикасының студенттік спорт федерациясы және Ұлттық студенттік лигасы мұрындық болған бәсекеге әлемнің жиырмадан астам мемлекетінің студенттік құрамалары қатысты. Осы айтулы жарыста Қазақстан құрамысының сапында өнер көрсеттім. Жарыс барысында жеңіске деген жігеріміз зор болды. Бұл тұрғыда маған сенім артып, жаттықтырып жүрген бапкерлерім Ибрагим Бисариевке, Николай Бочарниковқа және Анатолий Одинцовқа үлкен алғысымды білдіремін. Осындай нәтижеге жетуіме негізгі себепкер болған сол кісілер. Ал келешекте бапкерлікке кетсем деген жоспарым бар, – дейді Әлия Сәдуақасова.

БАСПАСӨЗ ЖӘНЕ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІ

Байланыс телефоны: 8 (727) 247-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

vkontakte: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

youtube: qyzdar уniversiteti

 

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.