АЛМАТЫ. 6 мамыр. Qyzdar Ýnıversıteti – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Отан қорғаушылар күні мерекесі кеңінен аталып өтті.

Оқу орнының профессор-оқытушылары мен қызметкерлері қатысқан салтанатты жиынның шымылдығы «Томирис» би ансамблінің орындауындағы әскери бимен ашылды.

Рәсімнің ресми бөлімінде Қыздар университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова жиналғандарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтады.

– Біздің қайсар халқымыз отан қорғаушыларды өрлік пен ерліктің, намыс пен қайраттың, ұлтжандылық пен батылдықтың үлгісі деп санаған. Отандастарымыз ел басына күн туған қиын-қыстау замандарда өз бостандығы мен өмірін қиған қаһармандардың жанқиярлық ерлігін ешқашан да ұмытпайды. Өйткені, нағыз ердің есімі – елдің есінде қала бермек. Ержүрек бабаларымыз аттың жалында, түйенің қомында күн кеше жүріп, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен осынау ұлан-ғайыр атырапты, Ұлы Даланы көздің қарашығындай қорғап, бізге мұраға қалдырды. Соның арқасында бүгінде тәуелсіз мемлекет құрып, келешекке нық қадам басып келеміз, – деді Г. Алдамбергенова.

Университет басшысы қасиетті Отанымызға қалтқысыз қызмет ету және оны қорғау – әрбір азаматтың қастерлі борышы екендігін атап өтті.

– Ұлтымыздың даңқты перзенті, халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы: «Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет еткін» деген. Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – Тәуелсіз Қазақстан. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген Отан қорғаушылар күні – кешегі батыр бабалардың даңқты жолы мен Отанға адал қызмет ету дәстүрін тоғыстыратын мейрам. Бұл мереке – болашағы баянды мемлекет құру жолындағы әскеріміздің айбынын асырып, сарбаздарымыз мен сардарларымыздың мерейін тасытатын күн. Бұл дата – ерлік пен батылдықтың өлшеусіз үлгісін көрсеткен, елді қорғау жолында от пен оқтың арасынан өткен жауынгерлердің рухының алдында тағзым етіп, басымызды иетін күн, – деді өз сөзінде оқу орнының ректоры.

Жиынның екінші бөлімінде «Ұлар» этно-фюжн ансамблі мен «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамблінің орындауында Отан туралы, оның батыр ұлдары мен жауынгерлері жайлы қазақстандық композиторлардың патриоттық әндері, музыкалық композициялары шырқалды. Сонымен қатар шара барысында Педагогика және психология, Әлеуметтік-гуманитарлық, Өнер және мәдениет факультеттерінің оқытушылары мен Академиялық мәселелер жөніндегі департамент қызметкерлері дайындаған концерттік бағдарлама көпшілік назарына ұсынылды.

* * *

Атаулы күннің маңызы талқыланды

Әлеуметтік-гуманитарлық факультетінде Отан қорғаушылар күні қарсаңында «Ұранды елдің ұрпағы қайсар» атты шара өтті. Жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған жиынға «Тарих» мамандығы бойынша білім алатын студенттер қатысты.

Басқосу барысында факультет деканы Жамал Әшірбекова, Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Айнагүл Қайыпбаева, Тарих кафедрасының меңгерушісі Ләззат Қожакеева мен профессор-оқытушылар және студенттер атаулы күннің мән-маңызына тоқталып, өз ойларымен бөлісті.

Айта кетейік, 1991 жылы 25 қазанда Қазақстан Президентінің Жарлығымен Қазақ КСР-і мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылды. Кейін республиканың қорғаныс мәселелерін толық түрде жеке шешуге көшуіне байланысты қорғаныс комитеті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. 1992 жылдың 7 мамырында тәуелсіз елдің заңдық құқықтарының негіздеріне және тәуелсіз мемлекеттер достығына қатысушы мемлекеттер арасындағы қол жеткен келісімдерге байланысты Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығы шықты. Бұл Жарлық бойынша, Қазақстан аумағына орналасқан Қарулы Күштер өздерінің мүліктерімен қоса, республиканың қарауына өтті. Жоғарғы Бас Қолбасшы ретінде Қарулы Күштерді басқаруды Президент өз мойнына алды. Елбасынан басқа қорғаныс ісімен тікелей шұғылданатын алғашқы Қорғаныс министрі болып генерал-полковник Сағадат Нұрмағанбетов тағайындалды. Бұл күн Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылған күні болып құрылғандықтан 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні деп жарияланды.

БАСПАСӨЗ ЖӘНЕ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІ

Байланыс телефоны: 8 (727) 247-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

vkontakte: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

youtube: qyzdar уniversiteti

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.