АЛМАТЫ. 3 шілде. Qyzdar Ýnıversıteti – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің биылғы түлектеріне диплом тапсыру рәсімі өтті. Оқу орнының алаңында өткен дәстүрлі жиынға университет ұжымы, бітірушілер мен олардың ата-аналары қатысты. 

Педагогикалық білім мен ғылымның қыр-сырын жете меңгеріп, кәсіби маман иесі атанып, үлкен өмірге жолдама алғандар қатарында Жаратылыстану, Әлеуметтік-гуманитарлық, Өнер және мәдениет, Педагогика және психология, Физика-математика, Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультеттерінің түлектері бар.

Биыл Қыздар университетін бакалавриат бойынша 1683, магистратура бойынша 215 және докторантура бойынша 6 түлек аяқтап отыр.

Салтанатты рәсім белгілі ақын, көсемсөз шебері Ғафу Қайырбековтың жұртшылық арасында кеңінен тараған, дара оқу орнының аруларына арналған  «Алматыда көшесі бар Гогольдің…» өлеңімен ашылды. Кеш жүргізушісі:

                                                                                                                                                         

«Ай хай шіркін,

Алматыда көктемде,

                        Аппақ күміс ай сәулесін төккенде.

                        Сол көшемен жібек толқын секілді

                            Тамаша ғой қыздар көшіп өткенде», –

деген жыр шумағын кезектесе оқып, жиын одан әрмен бітірушілер шеруіне ұласты. Салтанатты рәсімнің ресми бөлімінде университет ректоры Гаухар Алдамбергенова құттықтау сөз сөйледі.

– Қымбатты жас түлектер! Сіздер бүгін 75  жылдық тарихы бар, отандық жоғары білімнің қара шаңырағы – Қыздар университетін бітіріп, үлкен өмірге жолдама алғалы отырсыздар! Бұл – барлығымыз үшін де ерекше күн, маңызды мереке. Университет ұжымы үшін де, Сіздерден үміт күткен ата-аналарыңыз үшін де өте үлкен қуаныш. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Президенттің әлеуметтік бес бастамасы» атты Үндеуінде: «Қазақстанның әлемдік өркениетке жетудегі бірден-бір дара жолы – білім жүйесі. Орта мектеп – білім жүйесінің ең басты буыны. Орта мектепте  қаланған білім негізі оқушының болашағына жол ашады», деп атап өткен болатын. «Қазіргі кезеңдегі басты мәселенің бірі жаңа технологиялардың дамуы кезеңінде болашақ ұрпақтың тәрбиесі мен білім алуында ұстаздардың атқаратын рөлі ерекше. Егемен еліміздің болашағы, оның әлемдік өркениеттегі  өз орны, ең алдымен білім мен тәрбиенің бастауы – ұстаз қолында» деген Елбасы әрқашанда ұлттың болашағы педагогтың қолында екендігіне баса мән беріп келеді. «Ұстаздар ұстаханасы» атанған Қыздар Университетінің түлектерінің қатарында есімдері елге танымал қоғам қайраткерлері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, белгілі ғалымдар мен ұстаздар, даңқты спортшылар бар. Сіздер де сол шалқар көшті жалғастырып келесіздер, – деді ол.

Оқу орнының басшысы түлектердің алдында тұрған басты міндет – университеттен алған білімдерін тәжірибемен ұштастыра отырып, еңбек нарығында бәсекелестік қабілеті жоғары кәсіби тұлға болу екендігін атап өтті.

– Ұстаз – болашақ ұрпақтың бағбаны, шәкіртінің бойына біліммен бірге тәрбие сіңіруші, жанына жарық сәуле сеуіп, көкірегін нұрландырушы. Сіздердің басты мақсаттарыңыз егемен еліміздің болашақ жастарын тәрбиелеуге, білімі мен біліктілігін арттыруға, мемлекетіміздің дамуына сүбелі үлестеріңізді қосу!  Өмір жолындағы сапарларыңыз сәтті болғай, болашаққа бастаған қадамдарыңызға ақ жол тілейміз, – деді Гаухар Алдамбергенова.

Сонымен қатар университет ректоры бір топ бітірушіге дипломды салтанатты жағдайда табыстады. Әнмен әспеттеліп, күймен көмкерілген салтанатты кеш аясында көпшілік алдында түлектер атынан оқуда озат, қоғамдық жұмыста белсенділік көрсеткен бітірушілер сахнаға шығып, университет ұжымына риясыз алғысын білдірді.

– Барлығымыздың да алға қойған үлкен мақсатымыз бар. Сол үкілеген армандарымызды орындауға ұмтылудамыз. Бізді білім әлемінде өз кәсібімізге сай маман болып қалыптасуға жол салған барша азаматтарға алғыс айта отырып, білікті, білімді ұрпақ тәрбиелеу жолындағы ұлағатты ұстаз есімін абыроймен алып өтуге, болашағы баянды, келешегі кемел бәсекеге қабілетті Мәңгілік ел – Қазақстанның қарышты дамуына ант етеміз, – деді олар.

Жиын барысында университет басшылары мен факультет декандары бітірушілерге диплом табыстады. Салтанатты жиын соңы өнер жұлдыздарының гала-концертіне ұласты.

Айта кетейік, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті – еліміздегі бірден-бір тек қыздар оқитын жоғары оқу орны. Орта Азия аймағында мұндай оқу орны жоқ. Әлемде де саусақпен санарлықтай. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов: «Тәңір жазса, бұл институт болашақ қазақ қыздарының шамшырағына айналады. Осы шамшырақтың жарық сәулесі  сөнбесін дейік» деген ұлағатты сөзі 75 жылға жуық тарихы бар университеттің өзіндік ерекшелігі мен маңызын айғақтап тұрғандай. Университеттің 6 факультетіндегі 27 кафедра бакалавриат бойынша – 42, магистратура бойынша – 23 және PhD докторантура бойынша – 4 мамандық негізінде мұғалім даярлайды. Сондай-ақ 20 мамандық бойынша қашықтықтан оқыту технологиясын пайдаланып, білім алады. Бүгінде оқу орнында жалпы саны 7 мыңға жуық студент, магистранттар мен докторанттар оқиды. Оларға 55 ғылым докторы, 230-дан астам ғылым кандидаты мен 90-ға жуық PhD докторы мен ғылым магистрі дәріс береді. Университеттің 38 ұстазы «Қазақстан Республикасының Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері. Екінші дүниежүзілік соғыстың қиын-қыстау кезінде – 1944 жылы ашылған бұл бірегей білім ұясын осы жылдар аралығында мыңдаған түлек бітіріп шықты. Қазіргі күнде мұнда студенттердің сапалы білім алып, ғылыммен, өнермен, спортпен айналысуы үшін, олардың бойында халқымыздың ұлттық құндылықтарын дарыту орайында бірқатар жұмыстар жасалып, университет отандық жоғары оқу орындары арасында үлкен беделге ие болып отыр.

БАСПАСӨЗ ЖӘНЕ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІ

Байланыс телефоны: 8 (727) 247-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

vkontakte: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

youtube: qyzdar уniversiteti

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.