ТАЛДЫҚОРҒАН. 13 тамыз. Qyzdar Ýnıversıteti – 4-9 тамыз аралығында Талдықорған қаласында ауыр атлетикадан Қазақстан Республикасының V Спартакиадасы өтті. Турнир қорытындысы бойынша Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Педагогика және психология факультетінің 2-курс студенттері Айзада Мүптілдә мен Әйгерім Аулбек өз салмақ дәрежелері бойынша бірінші орынға ие болды.

Маусымның басты додасы Талдықорғандағы «Жастар» спорт сарайында өтті. Білектің күші сынға түсер бәсекеде Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 200-ден астам атлет өзара мықтыны анықтады.

55 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Әйгерім Аулбек 168 келіні еңсеріп, топ жарды. Аталған салмақ дәрежесінде сынға түскен Ақмола облысының тумасы Диана Жүсіпбекова 165 келіні көтеріп, екінші орынға ие болса, Түркістан облысының атынан қатысқан Диана Абдуллаева үшінші орынды місе тұтты.

7 тамыз күні шаршы алаңға шыққан Айзада Мүптілдә 87 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, қос сайыс қорытындысы бойынша өз тобында «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шықты. Күміс және қола жүлдені Любовь Ковальчук пен Айсамал Сансызбаева иеленді.

– Биылғы турнир жылдан жылға зілтеміршілердің көбейіп бара жатқанын көрсетті. Әсіресе, бүгінде ауыр атлеттердің арасында қыздардың қарасы басым. Менің ойымша, бұл жақсы үрдіс. Осы орайда айта кетейін, Қыздар университетінің ауыр атлеттері соңғы жылдары халықаралық, республикалық бәсекелерде жиі топ жарып жүр. Атап айтқанда, Талдықорғанда өткен жарыста қарсыластарын қапыда қалдырған қыздар оқу орнында «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша білім алады, – дейді университеттің Спорт клубының жетекшісі Сәдуақас Шыңғысбаев.

БАСПАСӨЗ ЖӘНЕ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІ

Байланыс телефоны: 8 (727) 247-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

vkontakte: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

youtube: qyzdar уniversiteti

 

 

 

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.