АЛМАТЫ. 5 қыркүйек. Qyzdar Ýnıversıteti – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Ғылыми кітапханасының директоры Бақытжамал Бағашарова Грекия астанасы Афина қаласында өткен Дүниежүзілік кітапханалық және ақпараттық конгреске қатысты.

Тамыз айының 24-30 күндері аралығында Кітапханалық қауымдастықтар мен мекемелердің халықаралық федерациясының (ИФЛА) ұйытқы болуымен өткен алқалы басқосу әлемдік кітапхана қауымдастығы үшін маңызды оқиға. «Кітапханалар: өзгеріске арналған диалог» тақырыбындағы жиында кітапхана саласының дамуы мен қызмет көрсету сапасын арттыру және әлем кітапханаларының іскерлік қарым-қатынасын одан әрмен арттыру, балаларды кітап оқуға дағдыландыру, сонымен қатар, әлемдік деңгейдегі кітапханаларды цифрлық технополиске көшіру мәселелері қаралды.

Конгреске жыл сайын 140-қа жуық кітапхана және ақпараттық ғылым саласындағы әртүрлі деңгейдегі 3500-ден астам маман қатысады. ИФЛА президенті Глория Перес-Сальмеронның айтуынша, кітапханалар қоғамдағы өзгерістердің қозғаушылары, ал Дүниежүзілік кітапханалық және ақпараттық конференция біз үшін жыл сайын бағытымызды жаңаша айқындауға жақсы мүмкіндік.

– Конгреске Қазақстаннан 33 делегат қатысты. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының  Ұлттық  кітапханасы, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті, Абай атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханаларының басшылары бар. Жиын барысында Кітапханалық қауымдастықтар мен мекемелердің Халықаралық федерациясының Бас хатшысы Джеральд Ляйтнермен кездесіп, Қыздар университетінің логотипі салынған картинаны тарту еттім, – дейді Бақытжамал Бағашарова.

Оның айтуынша, басқосуда дүниежүзінің түкпір-түкпірінен келген сала мамандары озық тәжірибелер мен идеялар алмасып, оқырманға жоғары сапалы қызмет көрсету жолдарын қаузаған. Сондай-ақ жиналғандар кітапханалардың алдында тұрған өзекті мәселелерді талқылап, мәселелерді шешудің жолдарын айқындаған. Бір бұл ғана емес. Кітапхананың жаңа бет-бейнесін қалыптастыру жайы да назарға алыныпты.

Конгресс аясында Грекияның Ұлттық кітапханасының жаңа ғимаратының ашылу рәсімі өтті. Тарихы терең нысан заманауи құралдармен жабдықталып, оқырманға қызмет көрсетудің жаңа сапалық деңгейіне бейімделген. Шараға қатысушылар жаңа ғимаратқа экскурсия жасап, салаға қажетті тың мәліметтерге қанықты.

БАСПАСӨЗ ЖӘНЕ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІ

Байланыс телефоны: 8 (727) 247-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

vkontakte: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

youtube: qyzdar уniversiteti

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.