АЛМАТЫ. 9 қазан. Qyzdar Ýnıversıteti – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің қызметкерлері мен оқытушылары Turnitin тренингіне қатысып, білімдерін жетілдірді. Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығында өткен жиынды Turnitin компаниясының сату бойынша менеджері Катерина Левченко мен Ұлыбританияның Ньюкасл университетінің сарапшысы Джэйсон Гибсон жүргізді.

1998 жылы АҚШ-тың Беркли университетінің докторанттары құрған Turnitin компаниясы бүгінде антиплагиат бағдарламасы нарығында жетекші рөл атқарады. Компанияның қызметін әлемнің 18 мың жоғары оқу орны пайдаланады және күніне 2 миллионға жуық оқу және ғылыми жұмыстар тексеріледі. Turnitin-нің жаһандық репозиторийі 1 миллиард студенттік жұмысты сақтайды. Сонымен қатар жүйе тілдік ерекшелігіне қарамастан кез келген мәтіннің байланыстылығын тексеруге қабілетті.

Шетелдік мамандардың ақпаратына сүйенсек, қазіргі күнде Қазақстанның 14 жоғары оқу орны Turnitin платформасына кіруге мүмкіндік алған. Аталған білім ордаларының қызметкерлері қатысқан тренингте академиялық адалдық, плагиат пен тапсырыс жұмыстарының студенттерге, оқытушылар мен университет беделіне тигізетін әсері, академиялық адалдықтың бұзылуы ғалымдар мен білім алушылардың абыройына қалай нұқсан келтіретіндігі туралы айтылды. Жиын қатысушылары көтерілген мәселелер жөнінде өздерінің пікірлері мен ұсыныстарын да айтты.

Сонымен қатар басқосуда Turnitin Feedback Studioның мүмкіндіктері көпшілік назарына ұсынылды. Ол жүйе жазбаша тапсырмаларды дайындау барысында оқытушы мен студенттер арасындағы кері байланыс түрлерін қамтиды. Джэйсон Гибсонның айтуынша, виртуальды кластың көмегімен оқытушы уақытын  38 пайызға үнемдейді.

Тренингке Қыздар университетінің Ғылыми жұмыстар және инновациялар жөніндегі департамент директоры Светлана Шакирова, Жаратылыстану факультетінің аға оқытушысы Нұргүл Амангелді, Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің оқытушысы Жүрсінай Масекенова, Өнер және мәдениет факультетінің әдіскері Гүлдана Анабек және Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар орталығының технигі Қуаныш Садыханов қатысты.

– Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің биыл қабылданған жаңа ережесіне сәйкес бакалавриаттың диплом жұмыстары, магистрлік және докторлық диссертациялар плагиаттан өткізіледі. Бұл – жоғары оқу орнындағы академиялық адалдықты сақтау кешенді процесінің құрамдас бөлігі болып табылады, – дейді Ғылыми жұмыстар және инновациялар жөніндегі департамент директоры Светлана Шакирова.

БАСПАСӨЗ ЖӘНЕ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІ

Байланыс телефоны: 8 (727) 247-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

twitter: qyzdar_yniver

vkontakte: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

youtube: qyzdar уniversiteti

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.