АЛМАТЫ. 18 маусым. Баспасөз қызметі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «kazmkpu.kz» ресми интернет-ресурсы жаңарады. Мақсат – сайттың тиімділігін, азаматтарға қажетті ақпараттың қолжетімділік деңгейін арттыру және ресурсты заман талабына сай дамыту.

Жаңа дизайндағы сайт мәзірі бөлімдерінің анық құрылымдылығымен, сапалы ақпараттық толықтырылуымен, көрсетілген ақпараттың өзектілігімен, құрылым бойынша деректерді реттеуімен және толық байланыс деректерін ұсынуымен ерекшеленбек.

Атап айтқанда, ресми интернет-ресурстың басты бетінде ауқымды ауыспалы ақпараттық баннерлер, «Университет туралы», «Оқуға түсу», «Білім беру», «Ғылым», «Халықаралық ынтымақтастық», «Университет өмірі» және «Медиа» категориялары орналастырылады.

Сондай-ақ негізгі бетте «Университет жаңалықтары», «Хабарландыру», «БАҚ біз туралы», «Фотогалерея» мен «Видеогалерея» бағандары бар. Бір бұл ғана емес. Жаңа ресурста «Цифрдағы Қыздар университеті», «Қашықтан оқыту», «Univer» жүйесі», «Ғылыми кітапхана», «Хабаршы» журналы», «Электронды құжат айналымы», «Университеттің коммерциялық қызметтері», «Анкеталық сауалнама», «Танымал түлектер» категориялары орналаспақ.

Интернет-ресурс 3 тілде қызмет етеді және көзі нашар көретіндерге арналған нұсқасы бар. Ақпаратты Қыздар университетінің әлеуметтік желідегі 5 ресми парақшасынан бөлісуге болады.

Сайттың алдында тұрған негізгі міндет – жоғары оқу орнының ресми интернет-ресурсы болумен қатар, ақпараттық-танымдық портал дәрежесіне көтеру. Бүгінде сайтта ақпараттық толықтырылу және жетілдірілу жұмыстары жүргізілуде. Бұл орайда оқу орнының Стратегиялық даму және мониторинг бөлімінің мамандары елеулі жұмыс атқарып жатқанын атап өткен дұрыс.

– «Kazmkpu.kz»-ның контенті түбірімен жаңаланбақ. «Университет жаңалықтары» құрылымына оқу орнының жаңалықтары мен қызметі туралы ақпараттармен қатар, білім және ғылым саласындағы түрлі танымдық мәліметтер яки қарапайым интернет пайдаланушының талабы мен тілегіне жауап беретін, сол арқылы оларды қызықтыратын дүниелерді жариялау басты назарда болады, – деп атап өтті Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі Жандар Асан.

БАСПАСӨЗ ЖӘНЕ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІ

Байланыс телефоны: 8 (727) 237-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

twitter: qyzdar_yniver

vkontakte: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

youtube: qyzdar уniversiteti

telegram: t.me/qyzdar_yniversiteti