АЛМАТЫ. 28 наурыз. Media_Ortalyq – 29 наурыз күні Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Ұлы Даланың тілдік және рухани кеңістігі: өткені мен бүгіні» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді.

Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультеті ұйытқы болған басқосу Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру және Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Жаратылыстану ғылымдары академиясының, Жоғары мектеп Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Сейілбек Исаевтың 80-жылдығына орай ұйымдастырылып отыр.

Алқалы жиынға отандық және шетелдік ғылыми-зерттеу ұйымдарының басшылары, жоғары оқу орындарының ғалымдары мен мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысады деп күтілуде.

Жиын барысында филология ғылымдарының докторы, профессор Ө. Айтбайұлы «С.М. Исаев – қайраткер, ғалым, ұстаз», филология ғылымдарының докторы, профессор Ә. Құдайбергенов «Зерделі ғалым, ұлағатты ұстаз», филология ғылымдарының докторы, профессор Б. Сағындықұлы «Түркі тілдеріндегі табыс септік жалғауларының формалары қалай пайда болған?», филология ғылымдарының докторы, профессор Г. Қосымова «Профессор С. Исаевтың оқу-әдістемелік бастамаларының бүгінгі жаңартылған білім мазмұнында жаңғыруы», жапониялық ғалым М. Андасова «Анализ произведений древней японской литературы», түркиялық ғалым Тургай Дүйен «Қазақстандағы тіл және әліпби мәселелері» және филология ғылымдарының докторы, профессор Ж. Сүлейменова «Халқының адал перзенті» тақырыптарында баяндама жасамақ.

Сонымен қатар, конференция аясында ғалымның жеке сайтының ашылу рәсімі де ұйымдастырылмақ. Онда С. Исаевтың қазақ тілінің тарихы мен қазақ әдеби тілі тарихы мәселелеріне арналған ғылыми еңбектері топтастырылған.

Айта кетейік, қазақ тіл білімінің көрнекті өкілдерінің бірі, белгілі ғалым Сейілбек Исаев 1938 жылғы 13 наурызда Омбы облысы, Называй ауданының Күреңайғыр ауылында дүниеге келген. 1962 жылы С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің Филология факультетін үздік бітіреді. Алғашқы еңбек жолын Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл білімі институтының Қазіргі қазақ тілі теориясы бөлімінде ғылыми қызметкер болып бастайды. Осы институтта жүріп ол түрлі ғылыми жинақтар қүрастыруға, «Қысқаша этимологиялык сөздікті» түзуге, «Қазақ тілінің академиялық грамматикасы» секілді сүбелі ұжымдық еңбекті жазуға белсене араласады. 1966 жылы «1920-шы жылдардағы мерзімді баспасөз тілі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Әр жылдары факультет деканы, кафедра меңгерушісі, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтының ректоры қызметтерін абыроймен атқарды. Сейілбек Мұхамеджарұлы – ұйымдастырушылық, педагоггік, қоғамдық қызметті ғылыммен шебер ұштастыра білген үлкен ғалым. Күнделікті қат-қабат әкімшілік жұмыстар мен қым-қуыт қыруар тірліктің қайнаған ортасында жүрсе де, ол бойына біткен ізденгіштік, еңбекқорлық қасиеттерінің арқасында бір сәт те ғылымнан қол үзген емес. Оның қаламынан туған 200-ге тарта ғылыми, ғылыми-әдістемелік, ғылыми-көпшілікке арналған еңбектері көтерген проблемаларының өткірлігімен, нақтылығымен, сонылығымен ерекшеленеді. Оның ішінде ғалымның көп айналысқан саласының бірі – қазақ тілінің тарихы мен қазақ әдеби тілі тарихы мәселелері.

«QYZDAR YNIVERSITETI» MEDIA ORTALYGY

Tel.: 8 (727) 279-38-17

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

вконтакте: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.