АЛМАТЫ. 13 сәуір. Media_Ortalyq – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студенттері «География» мамандығы бойынша өткен X республикалық пәндік олимпиадада 3-орын алды.

9-10 сәуір күндері Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде ұйымдастырылған білім сайысына еліміздің 14 облысы мен Астана, Алматы қалаларының жоғары оқу орындарынан 17 команда қатысты.

Дәстүрлі білім додасының мақсаты – болашақ талантты жас мамандарды анықтау және оларға қолдау көрсету. Сонымен қатар, арнайы және инклюзивті білім беру саласында ғылыми-педагогикалық қызметкерлерді дайындау бойынша бірегей білім беру кеңістігін құру.

«География» мамандығында оқитын білімгерлер арасында өткен республикалық олимпиада екі кезең бойынша жүргізілді. Қатысушылар бірінші турда географиялық терминдер мен ұғымдардың анықтамаларын жазып, қоршаған орта мәселелері жайлы географияның басқа жаратылыстану ғылым салаларымен байланысын анықтау мақсатында физикалық географияның іргелі теориялары мен заңдылықтарын айқындады. Ал екінші кезеңде география ғылымының практикалық және қолданбалы мәселелерін қамтыған тапсырмалар орындалды. Атап айтқанда бұл турда топографиялық картаны пайдалана отырып, географиялық нысандарды белгілеу, минералдардың түрлерін, топтарын, қасиеттерін анықтау, кесте және  диаграммаларды пайдаланып халқының жасы мен демографиялық өсуіне қарай әр түрлі елдерді ажырату сияқты тапсырмалар қамтылды.

– Университет қабырғасында үздік білімдерімен өзгелерден оқ бойы озық жүрген студенттер республикалық білім жарысында да біліктіліктерін айқын дәлелдеп, шығармашылық қарым-қабілеттерін жоғары деңгейде көрсете білді. Жаратылыстану факультетінің 2, 3 курс студенттерінен құралған команда екі кезең қорытындысы бойынша жоғары ұпайға қол жеткізіп, жеке есеп бойынша екінші орынды қанжығасына байлады. Атап айтқанда, «География» мамандығының 3-курс студенті Ұлмекен Жалғасбаева сайыс барысында барлық сыннан сүрінбей өтті, – дейді География және туризм кафедрасының меңгерушісі Күләш Мамырова.

Белгілі педагогтар мен жоғары оқу орындарының ұстаздарынан құралған қазылар алқасының шешімімен жекелей есеп бойынша 1-орынды Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, 2-орынды Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті мен М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, 3-орынды Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, Павлодар мемлекеттік университеті және Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті иеленді.

Ал командалық есеп бойынша 1-орынға Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, 2-орынға А. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті мен М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті, 3-орынға Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогогикалық университеті, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті және Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті лайық деп танылды.

Олимпиада қорытындысы бойынша жеңімпаз атанғандар бағалы сыйлықтармен қатар, арнайы дипломдармен марапатталды.

«QYZDAR YNIVERSITETI» MEDIA ORTALYGY

Tel.: 8 (727) 279-38-17

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

вконтакте: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

 

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.