АЛМАТЫ. 2 қыркүйек. Qyzdar Ýnıversıteti – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ұжымы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын талқылады.

Оқу орнының профессор-оқытушылары мен студенттері қатысқан жиынды университет ректоры Гаухар Алдамбергенова ашып, жүргізіп отырды.

– Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Бұл бағдарламалық құжат ел дамуын жаңа кезеңге бастап, әлеуметтің әлеуетін арттыруға тың серпін бермек. Неге? Бірқатарына тоқталып өтейік. Жолдаудың «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі» атты басымдығында экономиканы дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешудің тиімді тетіктері ұсынылды. Атап айтқанда, Президенттің білім беру сапасын жақсартуға жете мән беруі бізді ерекше серпілтті. Мемлекет басшысы мамандар даярлаудың отандық жүйесі нақты еңбек нарығынан тыс қалғандығын қадап айтты. Бұл өз кезегінде елде жұмыссыздардың санының өсуіне ықпал етіп отыр. Ол үшін оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшу қажеттігі баса айтылды. Сонымен қатар қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білімнің сапасы алшақтап бара жатқандығы, ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы да қаузалды. Бір бұл ғана емес. Президент жоғары білімнің сапасы мен түлектердің жұмыспен қамтылуына да ерекше тоқталды. Осы орайда айта кетейік, жоғары оқу орындарының табыстылығын бағалаудың басты критерийі – оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы. Бұл тұрғыда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде бірқатар нақты істер жүзеге асырылуда. Оқу орны жұмыс берушілермен тығыз қарым-қатынас орнатып, бос жұмыс орындары жәрмеңкелері тұрақты түрде өткізіледі. Нәтиже де жоқ емес. Атап айтқанда, өткен оқу жылында университетті 1548 студент тәмәмдап, олардың 95 пайызы жұмысқа орналасқан. Ал 2017 жылы «екі қолға бір күрек тапқандардың» үлес салмағы 88 пайызды құрайды, – деп атап өтті Гаухар Алдамбергенова.

Бұдан өзге жиын барысында Педагогика және психология факультетінің деканы Сайра Жиенбаева, саясаттану ғылымдарының докторы, доцент Бибігүл Иманбекова, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Ләззат Әділбекова, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Болатхан Сарбасов және тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Ердәулет Берлібаев Жолдауда айтылған басымдықтар туралы пайымды пікірлерімен бөлісіп, келелі ойларын айтты.

БАСПАСӨЗ ЖӘНЕ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БӨЛІМІ

Байланыс телефоны: 8 (727) 247-00-07

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

vkontakte: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

youtube: qyzdar уniversiteti

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.