АЛМАТЫ. 16 сәуір. Media_Ortalyq – 24 сәуір күні Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің биылғы түлектері үшін бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтеді. Іс-шараға Алматы облысы мен Алматы қаласындағы мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарының өкілдері қатысады деп күтілуде.

Жыл сайын дәстүрге айналған жәрмеңке биыл педагогикалық, гуманитарлық, жаратылыстану ғылымдары және өнер саласында мамандар даярлаудың жекелеген бағыттары бойынша ұйымдастырылмақ. Жәрмеңке жастарға бүгінде білім беру ошақтарында қай сала мамандарына сұраныс көп немесе тапшы екендігін және еңбек өтілінсіз жұмысқа орналасуға болатындығын анықтауға септеседі. Сонымен қатар, «дипломмен – жұмысқа» жоспарын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Іс-шара аясында университетте мемлекеттік тапсырыспен білім алып жатқан студенттер өз жетістіктері тіркелген портфолиоларының көрмесін өткізіп, презентация жасайды.

– Жәрмеңке қатысушыларға өздерін қызықтыратын бос орындар туралы мәлімет алуға мүмкіндік тудырса, ал жұмыс берушілер үшін түлектердің іскерлік қасиеттерін бағалап, жас мамандарды тартуға қолайлы жағдай жасайды. Шара жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешетін маңызды механизм болып табылады, – дейді Қыздар Университетінің Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру және мансап бөлімінің мамандары.

Ресми мәліметтерге сүйенер болсақ, арнайы бекітілген  жоспарға сәйкес ұйымдастырылған бос жұмыс орны жәрмеңкелерінде түрлі ұйымдар тарапынан сұраныс, әсіресе, педагогикалық және жаратылыстану бағытында оқыған жас мамандарға көптеп түскен.

 «QYZDAR YNIVERSITETI» MEDIA ORTALYGY

Tel.: 8 (727) 279-38-17

e-mail: kyzdaruniversity@gmail.com

facebook: qyzdaryniversiteti

вконтакте: qyzdar_yniver

instagram: qyzdar_yniversiteti

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.