Докторантураға түсу емтихандары қалай өтеді?



    • Докторантураға түсу емтихандары қалай өтеді?

       АЛМАТЫ. 30 сәуір. Баспасөз орталығы – Докторантураға түсу кезінде эссе жазу мен жазбаша емтиханға ерекше көңіл бөлінеді.

      Докторантураға түсу емтихандары биыл алғаш рет электрондық форматта өтеді. Докторантураға түсу үшін құжаттар ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының ақпараттық жүйесі арқылы қабылданады. Гранттың тағайындалуы туралы куәлік әрбір оқуға түсушінің жеке кабинетінде электрондық форматта берілетін болады.

      Докторантураға магистр дәрежесі және кемінде 9 ай жұмыс өтілі бар тұлғалар, сондай-ақ медициналық мамандықтар бойынша резидентурада оқуын аяқтаған үміткерлер түсе алады.

      – Тіркеу кезінде оқуға түсуші сауалнаманы толтырып, бір ЖОО-ны, бір білім беру бағдарламаларының тобын көрсетеді және емтихан тапсыру орнын өзі таңдайды. Түсу емтихандарын өткізу кестесі оқуға түсушілердің назарына емтихан басталғанға дейін үш күн бұрын жеткізіледі. Үміткерлер компьютерде эссе жазып, докторантурада оқуға дайындық тестін және білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша емтихан тапсыратын болады, – деді Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов.

      Бұл ретте түсу емтиханының қорытынды бағасы эссе, докторантурада оқуға дайындық тесті және бейінді емтихандарды бағалау нәтижелерін жинақтау арқылы алынған балдардың жиынтығы болып табылады.

      Докторантураға өтініш қабылдау 3 шілдеде басталып, 3 тамызға дейін жалғасатынын естеріңізге сала кетейік. Докторантураға түсу емтихандары 4-20 тамыз аралығында өтеді.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07

      e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com 

      Бөлісу: