Университетте Ұстаздар күні аталып өтті



    • Университетте Ұстаздар күні аталып өтті

      АЛМАТЫ. 4 қазан. Баспасөз орталығы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Ұлағатты ұстазға мың алғыс» атты салтанатты жиын өтті. Педагогтер күніне арналған жиынға оқу орнының профессор-оқытушылары, қызметкерлері мен студенттері қатысты.

      Шараның ресми бөлімінде оқу орнының Директорлар кеңесінің төрағасы Омархан Өксікбаев пен Университеттің Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай 80 жылға жуық тарихы бар білім ордасында қажырлы қызмет атқарып келе жатқан ұлағатты ұстаздар мен білікті мұғалімдерге деген ыстық ықыластарын білдірді.

      – Әрбіріміздің өмірімізде ұстаздың рөлі мен маңызы баға жетпес үлкен. Осы мамандық арқылы білім мен тәжірибе аламыз, ойлау қабілетіміз бен таным деңгейімізді арттырып, өзіндік шешім қабылдауға дағдыланамыз. Педагогтер өскелең ұрпаққа сапалы білім беріп қана қоймай, жастардың бойындағы талантты ашуға зор үлес қосады. Жас буынды еңбек етуге үйретіп, шығармашылық қарым-қабілетін ұштайды. Университет 80 жылға жуық уақыт бойы еліміздің кадрлық әлеуетін арттыруға және жаңа әлеуметтік-мәдени ортаны қалыптастыруға өз үлесін қосып келеді. Қымбатты әріптестер, баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасыларыңызға баянды бақ-береке, ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге табыс тілейміз, – деді Университет басшылары.

      Кеш барысында оқу орнының дамуы мен маман даярлауға елеулі үлестерін қосып келе жатқан бір топ оқытушы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанайдың «Алғыс хаттарымен» марапатталды.

      Жын соңы Университет студенттерінің қатысуымен ұйымдастырылған концерттік бағдарламаға ұласты.

      Осы орайда айта кетейік, бүгінде Университетте 8 мыңнан астам білім алушы оқиды. Оларға 400-ден профессор-оқытушы дәріс береді.

      Маркетинг және коммуникациялар департаменті

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05

      e-mail: mar.com@qyzpu.edu.kz

      Бөлісу: