Гүлмира Қанай: Ұлттық санақ – стратегиялық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді



    • Гүлмира Қанай: Ұлттық санақ – стратегиялық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді

      АЛМАТЫ. 18 қазан. Баспасөз орталығы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай биылғы жылғы еліміздегі басты оқиғалардың бірі – Ұлттық санаққа байланысты пікір білдірді.

      Биылғы жылғы еліміздегі басты оқиғаларды бірі – Ұлттық санақ жүргізілуде.

      Ұлттық санақ – тұтас бір мемлекеттің ішкі болмыс-бітімі, халықтың тыныс-тіршілігі таразыға тартылатын тарихи сәт.

      Олай дейтініміз, он жылда бір рет өткізілетін Ұлттық халық санағы еліміз егемендік алғалы бері осымен үшінші мәрте ұйымдастырылғалы отыр.

      Жалпы, халық санағы – белгілі бір уақыт шеңберінде халықтың демографиялық, экономикалық, әлеуметтік сипаттағы ақпаратын жинау, өңдеу, жариялау, тарату мақсатындағы жалпыұлттық статистикалық сараптау саналғанымен, оның ауқымы әлдеқайда кең. 

      Себебі, санақтың қорытындысы есеп-қисап үшін ғана емес, ең алдымен мемлекеттің алдағы даму бағытын айқындау, басқарушылық шешімдер шығару үшін қажет.

      Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің үшінші отырысында Ұлттық санақты ұйымдастыру мәселесін айта келе, халық санағы тұрғындардың нақты санын, оның жас және гендерлік құрамын, урбанизация деңгейін, табыс көлемі мен басқа да маңызды талдау деректерін анықтап, тексерілген әрі дәйекті басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретінін атап өткен болатын. Сондықтан мәнге де, мазмұнға да бай бұл науқанға біржақты қарауға болмайды.

      Бүгінде Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті «Ұлттық статистика бюросының» респонденттерді санақтан өткізу ережесі бойынша жұмыстарды атқарып жатыр.

      Атап айтқанда, оқу орнында онлайн санақ жүргізу үшін мобильді пункт ашылып, жұмыстар жүргізілуде.

      Тиісті орындарға Университеттің ұжымы мен білім алушыларының санақтан өткендігі туралы ақпараттар тұрақты түрде жіберілуде.

      Одан бөлек әлеуметтік қызметкерлеріміз жатақханаларда арнайы планшеттер арқылы білім алушылардың санақтан толық өтуіне көмектесуде.

      Гүлмира ҚАНАЙ,

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректор

      Маркетинг және коммуникациялар департаменті

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05

      e-mail: mar.com@qyzpu.edu.kz

      Бөлісу: