Президент шәкіртақысының иегері: Зәуре Бекенова



    • Президент шәкіртақысының иегері: Зәуре Бекенова

       АЛМАТЫ. 9 қараша. Баспасөз орталығы – Біз оқу үлгерімі мен Университеттің қоғамдық жұмысына белсенді атсалысқаны үшін Қазақстан Республикасы Президентінің шәкіртақысына ие болған озат студенттерімізбен таныстыруды бастаймыз.

      Зәуре Бекенова 2000 жылы 14 сәуірде дүниеге келген.

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Мәдени-тынығу жұмысы» мамандығының 4 курс студенті.

      Ол 2019 жылдан бері оқу орнындағы «Jas Otan» Жастар қанатының төрайымы қызметін атқарып келеді.

      Зәуре Университетте түрлі мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысып, жобаларды жүзеге асыруда.

      2020 жылы жоғары оқу орындары студенттері арасында ұйымдастырылған конкурста жеңімпаз атанып, «Жылдың үздік студенті» номинациясымен марапатталды. Сондай-ақ ол Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Алғыс хатына» ие болды.

       – Жетістіктер – көп адам ұмтылатын бірақ барлығы бірдей қол жеткізе бермейтін биік шың дер едім. Әркім осы шыңда бірдей деңгейде болғысы келеді. Алайда жетістікке жету үшін қиын жолдардан өту керек. 2018 жылы мектепті бітіріп, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне грант негізінде оқуға түстім. Жаңа ортада тек сабақпен шектелмей, қоғамдық жұмыстарға араластым. Университет, қала деңгейде өтетін концерттер мен түрлі жобалар ұйымдастырумен айналыстым. Ол көшбасшылық, коммуникабельдік, жауапкершілік, сенімділік сынды қасиеттерімді шыңдай түсті, – дейді Зәуре Бекенова.

      Ол алға қойған мақсатқа жету жолында сенім мен еңбек үлкен рөл атқарады деп санайды.

      – Студенттік өмірде бар мүмкіндік пайдаланып, әрдайым өзіңе инвестиция құйып, даму керек. Болашақта алған білімімізбен тәрбиеміздің негізінде елімізді дамытатын жаңашыл жастар болмақ. Қазақстанда жастардың креативті, жаңаша ойлай білетін жаңа толқыны өсіп келе жатқанына сенімдімін, – деп атап өтті Зәуре. 

      Маркетинг және коммуникациялар департаменті

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05

      e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz

      Бөлісу: