Университет ректоры «Томирис» би ансамблінің мүшелерімен кездесті



    • Университет ректоры «Томирис» би ансамблінің мүшелерімен кездесті

      АЛМАТЫ. 16 қараша. Баспасөз орталығы – Университеттің Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай оқу орнының талантты, дарынды білім алушыларымен өзгеше форматта кездесуді жалғастыруда.

      Бұған дейін студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының белсенділерімен Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік өнер музейінде кездессе, республикалық пәндік олимпиада жеңімпаздарымен жүздесу М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында жалғасын тапқан болатын.

      Бұл жолы Гүлмира Қанайдың бірнеше халықаралық және республикалық өнер байқауының жеңімпазы атанған «Томирис» би ансамблінің мүшелерімен кездесу Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өтті.

      Университет ректоры өнерпаз жастармен бірге Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінің концертін тамашалап, түрлі тақырып аясында сұхбаттасты.

      Өз кезегінде ансамбль мүшелері оқу орнының басшысына сауалдарын қоюға да мүмкіндік алды.

      – Біздер Гүлмира Әмірханқызының жаңашылдығына, қарапайымдылығына және студенттерге деген ашықтығына тәнтіміз. Кездесу барысында көптеген ақпарат алдық. Бізді мазалап жүрген мәселелердің де шешімін таптық. Шығармашылық жоспарларымызбен де бөлісуге мүмкіндік берілді. Алдағы уақытта да тұрақты түрде кездесіп тұруға уағдаластық, – дейді «Томирис» би ансамблінің мүшелері.

      Маркетинг және коммуникациялар департаменті

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05

      e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz

      Бөлісу: