Педагогикалық университет пен ауыл мектептерінің ынтымақтастығы



    • Педагогикалық университет пен ауыл мектептерінің ынтымақтастығы

      27 наурызда QYZPU-да «Педагогикалық университет пен ауыл мектептерінің ынтымақтастығы: мәселелері мен шешу жолдары» тақырыбында конференция өтеді. «Ауылдық мектеп шамы» жобасының аясында ұйымдастырылатын шараға ауыл мұғалімдері мен білім саласы сарапшылары қатысады.

      Конференцияның мақсаты – педагогикалық университет пен ауыл мектептері арасында ынтымақтастықты дамыту. Сонымен қатар ауыл мектептері мәселелерін талқылау және оның шешу жолдарын ұсыну арқылы білім сапасын арттыру.

      «Ауылдық мектеп шам» жобасы аясында ауыл мектептерінің мұғалімдері өздерінің зерттеу жобаларымен бөліседі. Жобаға Алматы, Атырау және Маңғыстау облыстарындағы 11 орта мектеп қатысып жатыр. Жоба педагогтерге кәсіби шеберлігін шыңдап, тәжірибелеріне оқытудың инновациялық әдістерін енгізуге, сонымен қатар  мектептер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді.

      Конференцияға университет серіктестері Юнеско (UNESCO), «Teachers Lab», «HertsCam Network» ұйымдарының қатысуымен өтеді.

      • Конференция бағдарламасын сілтеме арқылы табуға болады.
      • Конференцияға қатысу үшін сілтемеге өтіп, тіркелу формасын толтырыңыз.

      Конференцияның негізгі спикерлері:

      Доктор Дэвид Фрост

      Білім беру және көшбасшылық саласындағы белгілі маман. 1996 жылдан 2016 жылға дейін Кембридж университетінің білім беру факультетінде жұмыс істеді, оқудағы көшбасшылықты дамытуға және мектеп тәжірибесін жетілдіруге белсенді атсалысқан. Leadership for Learning Network желісінің тең құрылтайшысы және HertsCam негізін қалаушы, директоры. HertsCam желісі мұғалімдер арасында позициялық емес көшбасшылық тұжырымдамасын сәтті жүзеге асыруда. Сонымен қатар Доктор Фрост Назарбаев Университетінде Жоғары білім беру мектебін құруға көмектескен Кембридж университеті командасының мүшесі болды.

      Беспаева Салтанат Дауыспековна

      Алматы облысы білім басқармасының басшысы. Қызмет жолын 2000 жылы Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі ретінде бастаған. Әр жылдары педагог, ұйымдастырушы, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, М.Әуезов атындағы орта мектептің директоры, білім басқармасы басшысының орынбасары, Еңбекшіқазақ ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы лауазымдарын атқарған.

      Зейнолла Сауле 

      ЮНЕСКО Алматы кеңсесінің тренер-кеңесшісі, сертификатталған жоба менеджері, білім беру және оқыту саласындағы маман және «TeachersLab» ЖШС бас директоры. Мемлекеттік басқару академиясында жетекші тренер болып қызмет еткен. ESD жобаларын басқару, дизайндық ойлау, сыни ойлау, эмоционалдық интеллект, жасыл экономика, брендинг және позициялау, тұтынушыларға назар аудару, деректерді визуализациялау, талдау және т.б. бойынша білім беру және зерттеу саласындағы әртүрлі жобаларға қатысушы. Семинарлар мен ғылыми зерттеулерді ұйымдастырушы.

      Динара Исенова

      Білім беру саласында 7 жылдан астам тәжірибесі бар маман. Go Viral жобасының Қазақстандағы амбассадоры. «Aul.Inspired» жобасының серіктестік және сыртқы коммуникациялар бөлімінің директоры, Қазақстанның ауылдық жерлеріндегі ағылшын тілі мұғалімдері үшін ағылшын тілінде әлеуметтік-эмоционалды оқыту бойынша оқу материалдарын әзірлеуге арналған Гарвард түлектерінің пилоттық жобасын жүзеге асыруда. «StrategEast» компаниясында қоғамдастықпен жұмыс істеу менеджері қызметін атқарған.

       

      Бөлісу: