QyzPU волейбол командасы жүлделі орынға ие болды



    • QyzPU волейбол командасы жүлделі орынға ие болды

      АЛМАТЫ. 5 сәуір. БАСПАСӨЗ ОРТАЛЫҒЫ – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің волейбол құрама командасы Ұлттық студенттер Лигасының іріктеу кезеңінде оңтүстік-шығыс дивизионында жүлделі ІІ орынды иеленді.

      31 наурыз бен 1 сәуір аралығында өткен дивизион ойындарына жалпы алғанда 12 волейбол командасы қатысқан болатын. 10 қыздан құралған QyzPU құрамасы табандылық көрсетіп, финалға жолдама алды.

      Жаттықтырушы Қазақстан Республикасының спорт шебері Нұрпеисова Сәуле Әбільмажітқызының қол астында команда ақпан айынан бастап, Университет базасында  дайындықтарын бастады. Лига ойындарына дейінгі дайындық айларында университет командалары жолдастық ойындарын тұрақты өткізіп отырды.

      Команда 1-4 курс аралығындағы спортшылардан құралған. Солардың қатарында волейболдан айтарлықтай жеңіске жеткен студенттер де бар. Атап айтсақ, Кугаманова Елдана мен Абдрахманова Салтанат жағажай волейболы мен қар үстіндегі волейболдан жыл сайынғы біріншіліктерде жүлделі орындарды иеленіп келеді.

      - Біздің құрама команда университеттер арасында тұрақты түрде жақсы көрсеткіштер көрсетеді. Тіптен басқа жоғары оқу орындары команда мүшелері бізбен дайындалуға ниетті. Егер Университет спортшыларға оқуға түсерде жеңілдіктер қарастырса, болашағынан үміт күттіретін студенттер қатары көбейер еді. Алда жоспарларымыз көп, – дейді команда жаттықтырушысы.

      Волейболдан Ұлттық студенттік Лиганың финалдық кезеңін 18 сәуір күні Өскемен қаласында өткізу жоспарланған. Одан өзге волейболшылар 2023 жылы өтетін Универсиадада жағажай волейболы мен классикалық волейбол бағытында QyzPU намысын қорғауға дайындықтарын бастағалы отыр.

      Құрама командамызды жеңісімен құттықтаймыз! Алдағы ойындарда сәттілік серіктеріңіз болсын!

        Коммуникация және маркетинг департаменті  

        Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05               

        e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz           

      Бөлісу: