Тұлғалық даму тақырыбында кездесу өтті



    • Тұлғалық даму  тақырыбында  кездесу  өтті

      АЛМАТЫ. 6 СӘУІР. БАСПАСӨЗ ОРТАЛЫҒЫ – Қыздар университетінің студенттері белгілі кәсіпкер,  қоғам белсендісі, ұлт жанашыры Сырымбек Таумен кездесіп, тұлғалық даму тақырыбында, кітап оқудың  артықшылықтары  туралы сыр-сұхбат жүргізді.

      Университетіміздің ғылыми кітапханасы  ұйымдастырған кездесу кешін Ректор Гүлмира Қанайдың өзі жүргізді. Әлеуметтік желіде, қоғамдық ортада  көпке танымал Сырымбек мырза қыздарымызға тұлға болып қалыптасу тек оқу-білімге  ғана емес,  жүрген ортаға да байланысты екенін нақты мысалдармен дәлелдеп берді.

      Жастар арасында болған еркін форматтағы сыр-сұхбат кешінде студенттеріміз қонаққа өзі оқыған ең үздік кітаптары жайлы, балалық шағындағы, студент кездегі қызықты да қиын сәттерден қалай өткені туралы сұрақтар қойып, пікір алмасты. Сырымбек мырза  да қыздарымызға  кәсіп  бастау,  болашақ ұстаз ретінде  талантты  баларды тани  білу, ел дамуына әрбіріміздің  қосар үлесіміз жайлы  ағалық ақыл-кеңестерін айтты.

      Айта кетсек, оқырмандарын кітап оқуға, әр нәрседен тек жақсылықты көруге үйретіп жүрген ұлт жанашыры қайырымдылық жасаудан да кемде қалып жүрген жоқ. Игі істері арқылы «Жыл тұлғасы»  марапатына да ие болған кәсіпкер: «Тапқан табысыңның бір бөлігін қайырымдылыққа жұмсамасаңыз, ақшасы бар кедей адамға айналасыз» деген тұжырымын жастардың санасына  сіңіруге тырысты. Әр игі жобам — қайырымдылық деп есептейтінін жеткізді.

      Кеш соңын Басқарма төрағасы өзі қорытындылап, кездесу түйінін айтты. Қонаққа университет атынан кәдесыйлар табысталып, кездесуге жиналған жастар естеліккке фото рәсім жасады.

      МЕДИА

        Коммуникация және маркетинг департаменті  

        Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05               

        e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz           

      Бөлісу: