Университетіміздің «Тұмарым» жайдарман командасы іріктеу кезеңінен өтті



    • Университетіміздің «Тұмарым» жайдарман командасы іріктеу кезеңінен өтті

      2023 жылдың 30 қаңтары мен 5 ақпаны аралығында Астана қаласында жыл сайын еліміздің Жайдарман ойынына құмар мыңдаған жастың басын қосатын «Жайдарман » ойынының биылғы «Маусымашары» өткен болатын. Аталмыш сайысқа Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Тұмарым» жайдарман командасы да қатысып, келесі турға жолдама алып қайтты.

      Жайдарманшылардың, әзіл сүйер қауымның арасында әрдайым танымал болып келген «Тек қана қыздар» командасының ізін жалғаған «Тұмарым» командасы да абройлы атаққа кір келтірмей, әдемі әзіл көрсетіп, іріктеу кезеңінен сәтті өтті.

      Маусымашарға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген мыңдаған жастан құралған 350-ден астам команда тіркелген.

      Маусымның басы барлық ірі республикалық лигалар – Bala Jaidarman, Jaidarman Junior, Жоғарғы Лига JCI, сонымен қатар аймақтық Астана, Алматы және «Nomad» ашық лигаларына іріктеумен басталды Біздің қыздар «Nomad» лигасының құрамына кіріп, келесі кезеңге дайындық жүргізбек.

      Төрт ойыншыдан құралған команда мүшелері Дана Берікқызы, Зейнеп Құрманәліқызы, Аяулым Мұрадымқызы, Айман Медеубекқызы Педагогика және психология институтының студенттері. Ұйымшыл топ әлі де талай асуды бірге бағындыратынына нық сенімді.

      Біздің команданың құрылғанына бір апта көлемінде ғана уақыт өтті. Жақында ғана Астана қаласында өткен «Маусымашар-2023» республикалық фестиваліне қатысып келдік. «Nomad» лигасына жолдама алдық. Алда жоспарлар көп. Ең алдымен Алматы қаласында өтетін «StudLife» жобасына қатысамыз. Соған дайындық жұмыстарын жасап жатырмыз.Одан кейін Қызылорда, Тараз , Шымкент қалаларында болатын «Nomad» лигасына дайындық жүрмек – деп атап өтті команда капитаны Дана Берікқызы. Сонымен қатар Дана биылғы жылығы маусымашардың «Жайдарманға қатысқан ең әдемі ару» номинациясына да жеңіп алған.

      Жігерлі де талантты қыздарымызға алдағы сайыстарда да сәттілік тілеп, Университет абыройын әрдайым жоғарыдан көрсете берсін деген тілек білдіреміз!

      Бөлісу: