QYZPU жеті бірдей жоғары оқу орны оқытушыларының басын қосты



    • QYZPU жеті бірдей жоғары оқу орны оқытушыларының басын қосты

      Арулардың ақ ордасында жеті бірдей жоғары оқу орнының жүзге жуық профессор, оқытушылары мен бағдарлама көшбасшылары бас қосты. Оған себепкер – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Каримова ұйымдастырған  интернационалдандыру тақырыбындағы семинар-тренинг. Мәртебелі меймандарды Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – ректор Гүлмира Қанай қарсы алды.

                                                                                                         

                                                                                                         

      Семинарға Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Алматы менеджмент университеті, Қазақ ұлттық аграрлық университеті, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті мен Нұр-Мүбәрәк Египет ислам мәдениеті университетінің жүзге жуық профессор, оқытушылары қатысты. Жетпіске жуық оқытушы семинарға оффлайн қатысса, қалған отызы онлайн қосылып, интернационалдандыру тақырыбындағы іс-шараны жіберіп алмауға тырысты.

                                                                                                          

      Ал семинар «Шетелдік серіктес университеттермен білім беруді интернационалдандыру» жайында болды. Жеті бірдей жоғары оқу орнының мықты ұстаздарына мұндай тренинг өткізуге «Қазақстандағы жоғары білім беруді интернационалдандыру негізінде білім алушылардың лингвомәдени құзыреттіліктерін дамыту» атты гранттық жоба себепкер. Жаһандану дәуірінде студенттердің халықаралық деңгейдегі оқу бағдарламалары бар, мәдени әртүрлілікті қамтамасыз ете алатын және шетелде тәжірибе жинауға мүмкіндік беретін жоғары оқу орындарында білім алуды қалайтыны белгілі. Осы арқылы олардың халықаралық деңгейдегі тәжірибелері артады. Ал Бейбіткүл Каримова бастап ұйымдастырған семинар-тренингте осы «үйдегі интернационализация» саясатын іске асыру мақсатында COIL - Collaborative Online International Learning платформасы арқылы оқу бағдарламаларын дамыту жағдайы қарастырылды.

      Семинар соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар, сондай-ақ қонақтарға Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 80 жылдығына арналған сыйлықтар табысталды.

                                                 

                                                                        

       

      Бөлісу: