Ректор Гүлмира Қанай қазақ тіл білімінің көрнекті өкілі Рүстембек Шойбековты 75 жас мерейтойымен құттықтады



    • Ректор Гүлмира Қанай қазақ тіл білімінің көрнекті өкілі Рүстембек Шойбековты 75 жас мерейтойымен құттықтады

      Гүлмира Қанай қазақ тіл білімінің көрнекті өкілі, белгілі ғалым, этнограф, филология ғылымдарының докторы Шойбеков Рүстембек Нұсқабекұлын Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ұжымы және жеке өзінің атынан 75 жас мерейтойымен құттықтады.

      «Сіздің есіміңіз Қазақстан ғылымы мен мәдениетінің, білім беру ісінің бүгінгі жетістіктерімен тікелей байланысты. Қазақ тіл ғылымын дамытуда, ана тіліміздің асыл қазынасын жинап, көпшіліктің игілігіне айналдыру жолында өлшеусіз еңбек етіп келе жатқан Сіздей қайраткер ғалымға айрықша құрмет, зор ілтипатымызды білдіреміз.

                                                                                                         

      Ғылым жолы талмас еңбек пен табандылықты қажет етеді. Тіл білімінің лексикологиясы мен лексикографиясына, қазақ этнолингвистикасы мен лингвомәдениеттанымына арналған «Зергерлік өнер лексикасы», «Қазақ зергерлік өнерінің сөздігі», «Қолөнер лексикасы негізінде жасалған тұрақты теңеулер мен сөз тіркестері», «Сөздік және лингвистикалық талдау», «Қазақ қолөнері аталымдарының түсіндірме сөздігі», «Қазақша-орысша мақал-мәтелдер мен тұрақты сөз тіркестері» секілді еңбектеріңізден бастап, ұлттық құндылығы аса жоғары 15 томдық түсіндірме сөздік пен «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» атты 5 томдық энциклопедияны жарыққа шығаруға қосқан үлесіңіз – ұлтқа қызмет етудің айқын үлгісі деп білеміз. Ұлттық лексикамызды этнолингвистикалық, лингвомәдени тұрғыда зерттеу үшін бай материал беріп отырған осы тектес еңбектеріңіздің тіліміздің тарихындағы маңызы зор болып қала бермек. Бүгінгі мерейлі жасыңызбен құттықтай отырып, Сізге қазақ тіл ғылымына сіңірген еңбегіңіздің жемісін көріп, мәртебеңіз әрқашан асқақ болсын деп тілейміз! Ел құрметіне бөлене беріңіз!» – делінген ректордың құттықтау хатында.

      Ректордың құттықтау хатын ғалымға «Қазақ лингвомәдениеттанымы: теориясы, эмпирикалық базасы мен практикасы»  атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының бағдарлама көшбасшысының міндетін атқарушы Сәуле Асанбаева табыстады.

                                                                                                                                                                   

      Бөлісу: