Белгілі ғалым Даниэль Эрнандес-Торрано QYZPU-ға келді



    • Белгілі ғалым Даниэль Эрнандес-Торрано QYZPU-ға келді

      Дарынды балаларды оқытуды және инклюзивті білім беруді зерттеумен айналысатын ғалым, доктор Даниэль Эрнандес-Торрано Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессорлары мен оқытушылары, докторанттар мен магистранттарымен кездесті. Назарбаев университетінің жоғары білім мектебінің қауымдастырылған профессоры білім алушылар үшін аса маңызды «Қалай нәтижелі зерттеуші болуға болады?» деген өткір сұрақтың аясында семинар өткізді.

                                                                                              

      Даниэль Эрнандес-Торраноны жас ғалымдармен Ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Закир Жұмақұлов таныстырды. Мәртебелі мейман ізін басып келе жатқан жастарға зерттеудің әдіс-тәсілдері мен зерттеу жүргізудің жолдарын көрсетті. Атап айтқанда, Connected papers, Elicit, Elsevier базаларымен жұмыс жасауды және мақала жазудағы таптырмас қосымшалар – Grammarly, Writefull, ChatGPT-ді дұрыс қолдануды үйретті.

      Даниэль Эрнандес-Торраноның есімі көптеген елдерде белгілі. Қазақстанға Испаниядан келген ғалым Мурсия университетінде білім беру психологиясы бойынша PhD дәрежесін алған. Одан қалды, Лондон университеттік колледжінде, Португалиядағы Универсидаде до Минхода және АҚШ-тағы Коннектикут университетінде ғылыми қызметтер атқарды.

                                                      

      Қазір ол сандық зерттеу әдістемесі, білім беру психологиясы және инклюзивті білім беру курстарынан сабақ береді. Ғалым дарынды балаларды оқытуды, инклюзивті білім беру секілді аса маңызды тақырыптарда зерттеу жүргізеді.

                                                                          

       

      Бөлісу: