Профессор Баймахан Рысбек Баймаханұлы дүние салды



    • Профессор Баймахан Рысбек Баймаханұлы дүние салды

      Физика кафедрасының профессоры, техника ғылымдарының докторы Баймахан Рысбек Баймаханұлы 71 жасында қайтыс болды. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Гүлмира Қанай өзінің және ұжымның атынан марқұмның туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. 

      Рысбек Баймаханұлы 1952 жылдың 20 наурызында туған. 1968 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің физика факультетіне оқуға түсіп, 1973 жылы «Физика және физикалық газдар динамикасы» мамандығы бойынша бітіріп, жолдамамен ҚазССР ғылым академиясының «Математика және механика» ғылыми зерттеу Институтына жіберілген. Содан бері математикалық модельдеу, математиканың қазіргі заманғы сандық әдістеріне, кейін геомеханика және жер қойнауларын зерттеу,  сейсмология, механика және машинатану бойынша ғылыми салаларда зерттеу жұмыстарын жасаған. 

      1992 жылы Қыздар университетінің алғаш ашылған «Информатика және есептеу техникасы» кафедрасының меңгерушісі болды. Университетте 2004 жылы «Іргелі ғылыми зерттеулер» орталығын ашып, орталық директоры ретінде үздіксіз 2015 жылға дейін басқарды. Орталық шетелдік ғалымдармен бірлесіп жұмыс жасап, нәтижесінде шетелдің белгілі ғалымдары Жапонияның Хашинохэ, Осака, Токио, Хиросима провинциясының Ямагучи, Канаданың Альберта университетінен осы саладағы көптеген профессорлар Қыздар университетіне бірнеше рет келіп, өзекті тақырыптар бойынша мазмұнды тегін дәрістер оқыды. Ғалымның шетелмен тығыз байланыста болуының арқасында университет студенттері мен магистранттары Сингапурдың Нанянг, Жапонияның Хиросима, Канаданың Эдмонтон қаласындағы Альберта университеттерінде арнайы курстарда болып ақысыз білім алып, ғылыми тағылымдамалардан өтті. 

      Рысбек Баймаханұлы 10 ғылым кандидаты мен ғылым докторларын дайындады. Сонымен қатар, ғалымның бакалавр, магистранттар, докторанттар мен геомеханика саласынан ғылыми қызметкерлерге арналған 5 оқулық, 10 ғылыми монографияның және 450 астам ғылыми еңбектердің авторы. Гранттық қаржыландыру шеңберінде ғылыми жобалны сәтті орындады. Ғылыми ізденістермен қатар, фантаст-жазушы ретінде танымал болған. Арнайы мультфильмдердің сюжеттерінің авторы болғанын бірі білсе, бірі біле бермес.

      Ғалымның ерен еңбегі, ғылыми жетістіктері нәтижесінде, 2023 жылдың қазан айында Республика күнінің қарсаңында еліміздің ғылымының өркендеуіне қосқан үлесі, ғылымдағы жеткен табыстары үшін мемлекеттік ең жоғарғы марапаттардың бірі, Қазақстан Республикасының наградасы «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері атанды.

      Қыздар университетінің ғана емес, еліміздің ғылымының өсіп өркендеуіне, іргелі ғылым салаларының дамуына 50 жылдан аса  тынымсыз еңбек етіп, зор үлес қосып келе жатқан беделді де белгілі ғалым Рысбек Баймаханұлы нағыз творчестволық кемеліндегі өрлеу тұсында аяқ астынан бақилық болды. Жаныңыз жаннатта болсын, асыл тұлға, Ғалым аға!

      Бөлісу: