Шетелдік беделді басылымдар QYZPU ғалымдарының мақалаларын көбірек жариялай бастады



    • Шетелдік беделді басылымдар QYZPU ғалымдарының мақалаларын көбірек жариялай бастады

      Web of Science пен SCOPUS ақпараттық базаларында көрсетілген шетелдік беделді басылымдар Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ғалымдарының мақалаларын екі есе көбірек жариялай бастады. Ғылыми басылымдар мониторингі бөлімінің мәліметінше, АҚШ, Ұлыбритания мен Оңтүстік Африка Республикасының рейтингісі жоғары журналдары 60 астам ғалымның еңбегін жариялап үлгерген.

      Ресми ақпаратқа сенсек, 2020 жылы шетелдік журналдарда 17 мақала жарыққа шыққан. Ал 2021 жылы 38, 2022 жылы 34 ғылыми еңбек жарияланыпты. Биыл қараша айына дейінгі мерзімде 27 мақала жарық көрген. SCOPUS базасындағы басылымдарда шетелдік ғалымдармен бірлесіп шығарған мақалалар да артқан.

                                                                                

      Биылғы жылы рейтингісі ең жоғары ғылыми журналдардың іріктеуінен Шынар Тәжібаева, Бауыржан Сикинбаев, Самал Бәкірова және Светлана Шәкірованың мақалалары өткен. Айта кету керек, SCOPUS-қа кіретін журналдардың сараптамасынан өту оңай шаруа емес. Олар мақалаларды өзіне қабылдаған кезде тек жоғары сапалысын ғана өткізеді.

      Мақала тақырыптары кез келген оқырманды еліктетіп әкетеді. Мәселен, жас зерттеуші Самал Бәкірованың «Highlights of Digital Technologies Application for Choreography Teaching: The Case of Kazakhstan» атты мақаласын британдық Research in Dance Education журналында жариялады. Мақалада хореографияны оқытуда цифрлық технологияларды қолданудың негізгі аспектілері сипатталады. 

      Ал Бауыржан Сикинбаевтың кохлеарлық имплантаттары бар балалар ата-аналарының есту қабілетін дамытудағы мұғалім ретіндегі құзыреттілігі туралы  мақаласы америкалық Journal of Psycholinguistic Research журналының қызығушылығын тудырған. 

      Оңтүстік Африка Республикасында мақаласы шыққан Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің алғашқы ғалымдарының бірі – Шынар Тәжібаева. Оның қазақ әдебиетіндегі философиялық және теологиялық тұжырымдамаларды дамытудағы Жүсіпбек Аймауытовтың рөлі туралы басқа ғалымдармен бірлесіп жазған мақаласын «The role of Zhusypbek Aimautov in the development of philosophical and theological concepts in Kazakh literary criticism» Pharos Journal of Theology журналы қуана жариялаған. 

      «Managers «dispositions toward formal contracts: A cross-country examination» атты көлемді зерттеу авторларының бірі Светлана Шәкірованың мақаласы болса америкалық Journal of Business Research журналында жарыққа шықты. 

      Барлық жарияланған материалдар еуропалық SCOPUS базасына енгізілді. Айта кетейік, Жалпы SCOPUS-қа техника, медицина және гуманитарлық сала бойынша 22 мыңнан астам журнал кіреді. 

                                                                               

       

      Бөлісу: