«Ауыл азаматтарының қайсарлығымен табыты ашылып, қазақтың салт-дәстүрімен жерледік»: Желтоқсан қаһармандарының бауырлары студенттерге ащы шындықты айтты 



    • «Ауыл азаматтарының қайсарлығымен табыты ашылып, қазақтың салт-дәстүрімен жерледік»: Желтоқсан қаһармандарының бауырлары студенттерге ащы шындықты айтты 

      1986 жылы Кеңес одағының өктемдігіне қарсы шыққан Желтоқсан қаһармандары – Ләззат Асанова мен Ербол Сыпатаевтың туған бауырлары Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттерімен жандарына батқан ауыр естеліктерімен бөлісті. Қазақстанның тәуелсіздігі жолында басын бәйгеге тіккен қазақтың қыздары мен ұлдары туралы сөз қозғалған кездесуге халық жазушысы Бексұлтан Нұржекеев те арнайы қатысып, жастарға тергеу материалдарының әлі де тексеру мен зерттеуді қажет ететінін айтты.    

                                                          

      "Желтоқсанның тарих үшін үлкен бір белес болғанын бәріміз айтып жүрміз. Тәуелсіздікті алуымызға, сол тәуелсіздік жолында осындай жеңіске жетіп, тәуелсіз мемлекет болуымыздың бастапқы ұранын көтерген, сол жолда бастарын құрбандыққа шалған біздің ұлдарымыз бен қыздарымыздың қаны, солардың рухы жебеді. 1991 жылы біз тәуелсіз мемлекет болдық, сондықтан Желтоқсан оқиғасын, Желтоқсан көтерілісін айту, оны тексеру, зерттеу, құрбандардың әрбіреуінің атын айту – мына болашақ ұлдарымыз бен қыздарымыздың борышы деп білемін. «Айтпасақ та өмір сүріп жатырмыз ғой» деп қолды сілтеуге болады. Айтпасаң, ұрық болмайды! Өтірік жүрген жерде ұрық болмайды! Ұрық деген шындықта ғана болады! Сондықтан шындықтың бетін ашу, қанша ауыр болса да, өткір нәрсе, халқыңның үлкен белесі, тарихи белесі, сондықтан сол күнді атап өтіп жатқандарыңызға мен шын жүрегіммен ризашылығымды білдіремін", – деген Бексұлтан Нұржекеев жастарды Желтоқсан қаһармандарына бас иіп жүрге шақырды. Сондай-ақ белгілі жазушы 17 желтоқсан күні алаңға барғанын, жолда бір топ студентті кездестіріп, қолдарына ұстап алған ағашты «Ұрды, соқты дейді ғой! Ұрмасаң да жала жабады!» деп тастатқанын айтты. Араңдатушылардың жүргенін өз көзімен көргенін баяндады.

      Студенттермен кездесуде қазақтың қаһарман қызы Ләззат Асанованың туған інісі Берік Асанов әпкесі мен анасы туралы айтып, көзіне еріксіз жас алды. 

                                                        

      "Екі жыл болды анамыздың өмірден өткеніне, бірақ бәрін дәлелдеп, көрсетіп кетті. Бексұлтан атамыз көп нәрсені айтты: 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы қалай болғаны, қандай себептермен... Анам өмірінің соңғы жылдары осы апамыз Ләззатқа арнап кітап шығарып еді. Мен мына жерде сіздерге айта алмаған, жеткізе алмаған ойымды осы кітаптан оқып, көріп, білсеңіздер болады", – деген ол анасының қызы туралы өз қолымен жазған қос кітабын университет кітапханасына тарту етті.

                                                                                                                                             1-сурет. Ләззат 10 жаста. 1980 жыл. 2-сурет. Ләззат - Алматыдағы музыкалық училищенің студенті.1986 жыл, Желтоқсан оқиғасының алдында.

      "Біз үшін де оңай емес еске алу. Өте қиын. Жүрегімізге батады..." – деп бастады сөзін Ербол Сыпатаевтың туған бауыры Ержан Сыпатаев. 1986 жылды еске түсірген қаһарманның інісі ағасының табытын ауыл адамдары жабылып, әрең дегенде аштыртқанын айтты.

                                                                                   

      "Табытты шегелеп, қазақи салт-дәстүрмен жерлеуге де рұқсаттарын бермеуге тырысып, сондай қысымшылықтар болған. Сол кезде ауыл азаматтарының қайсарлығымен табыты ашылып, қазақтың салт-дәстүрімен жерледік. Менің әкемнің Мұқажан деген ағасы болған. Ол кісіде бала болмағандықтан әкем тұла бойы тұңғышы, екеуміздің арамыз 1 жас, сол кісілерге ата салт-дәстүрімен бауырына салып берген Ерболды. Ол кісілер қайтыс болғаннан кейін қайтадан өз қолымызға келеді Ербол. 1971 мектепке барады, 1981 жылы аяқтайды мектепті. Мектепті үздік оқыды. Комсомол ұйымын басқарған. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін азамат еді. Содан Алматыға келеді. Бірақ жоғары оқу орнына түсе алмай, ауылға барып, ауылда жүргізуші боп әскерге дейін жұмыс істейді. 1983-ші жылдан 1985-ші жылға дейін әскер қатарында үздік мақтау қағаздарымен әскери борышын өтеп қайтты", – деп ағасы жайында естеліктерімен бөлісті. Ержан Сыпатаев ағасымен Желтоқсан оқиғасының бір апта бұрын алдында ғана көріскен екен.

      "Табытпен сүйегін ауылға алып келді. Өте ауыр соққы болды отбасымызға. Сол кездегі құқық қорғау органдарының мәлімдемесі бойынша Ербол алаңда екі күн тікелей осы Желтоқсан көтерілісінің ұйымдастырушысы болыпты. «Әттең, өліп қалды, әйтпесе қатаң түрде жазамен сотталатын азамат еді» деп көрсеткен мәлімдемелерінде. Осы Ләззат пен Ерболды ақтап алу жолында Ләззаттың анасы Алтынай апамызбен бірге қақпаған есігіміз жоқ. Көп еңбекпен екеуі ақталды, құдайға тәуба!" – деп аяқтады әңгімесін батырдың бауыры.

                                                                                 

      Келешек ұрпаққа тарихты дәріптейтін ұстаздар десек, мұндай тәрбиелік мәні зор кездесудің Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде өтуі әсіресе маңызды. Жиын соңында жазушы Бексұлтан Нұржекеев жиналғандарды келе жатқан ұлы мереке – Тәуелсіздік күнімен құттықтап, тарихты ұмытпай, есте ғана емес, жүректе де сақтауды сұрады.   

                                                                                   

                                                                       

       

      Бөлісу: