QYZPU-ға 32 жыл өмірін арнаған ғалым-ұстаз



    • QYZPU-ға 32 жыл өмірін арнаған ғалым-ұстаз

      Қазақтың қаймағы бұзылмаған оқу ордасы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің дамуына, өркендеуіне 32 жыл өмірін арнаған филология ғылымдарының кандидаты, доцент, университет қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының төрағасы Ләззат Әділбекова 60 жасқа толды. Ғалым-ұстазды мерейтойымен ректор Гүлмира Қанай салтанатты түрде құттықтады.

      «Сізді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ұжымы және өзімнің атымнан 60 жас мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сіз – зерттеуші ғалымсыз! Сіз қазақтың рухани әлемінің түпқазығы – сөз өнеріне деген махаббатыңызды сонау студент кезіңізден-ақ дәлелдеп, азаматтық тұлғаңыздың қалыптасу жолында ұлттық әдебиеттің бар мәйегінен нәр алған жансыз. Ұлы мұрат пен асыл арман жолында аянбай еңбек етуді, тынбай ізденуді үлгі еткен дарабоз тұлғасыз!

                                                            

      Сіз – ұлағатты ұстазсыз! Ұрпақтың келешегі Сіз үшін әрқашан маңызды мәселе. Аруларға сапалы білім, саналы тәрбие беріп, әрқайсының тағдырына алаңдап, білікті маман ғана емес, адамгершілігі мол болуы жолында еңбек еттіңіз! Проректорлық қызметіңізде де осы ұстанымыңыздан бір сәтке айнымадыңыз. Сізден тәлім алған шәкірттер бүгінде білім беру саласының үздік мамандары. Олар Сізден көрген шапағат пен ұстаздық қамқорлықты ана мейірімімен теңдей еске алады.

                                                                                         

      Сіз – тұлғалы ұл, көрікті қыз тәрбиелеген анасыз. Немере жетектеген әжесіз! Сіздің тәрбиелік тәмсілдеріңіз – студенттер үшін ғана емес, қазақ қыздарының өмір жолындағы шамшырағы, адастырмас темірқазығы!

      Аса қадірлі Ләззат Махайқызы, Сізді келіп жеткен мерейлі жасыңызбен құттықтай отырып, Сізге және отбасыңызға ұзақ ғұмыр, зор денсаулық және мол табыс тілейміз! Мәртебеңіз асқақтап, ел құрметіне бөлене беріңіз!» – деді ректор өзінің құттықтау сөзінде.

                                                          

      Қазақстан Республикасы Білім кәсіподағының орталық аппараты мен Аккредиттеу мен рейтингтің тәуелсіз Агенттігінен де құттықтаулар келіп түсті. Олар мерейтой иесіне білім беру мен академиялық салаға қосқан айрықша үлесі үшін ризашылығын білдіріп, зор денсаулық және алдағы бастамаларына табыс тілеген. Сондай-ақ, , әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінен әріптестері құттықтап, студенттік кездегі ыстық естеліктерімен бөлісті. «Ұстазға тағзым» атты кеш соңында Ләззат Махайқызына арналған ғылыми-танымдық, әдеби-музыкалық қойылым қойылды.

                                                                                  

      Ләззат Әділбекова – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1986 жылғы түлегі. Лениндік стипендиат. 1991 жылы осы университеттің аспирантурасын тәмамдаған. 1999 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық Университетінің филология мамандықтары бойынша Ғылыми Кеңесінде филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды.

      Еңбек жолын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттер кәсіподағының төраға орынбасары қызметкерлігінен бастаған. 1991 жылдан Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында оқытушы, аға оқытушы, доцент, профессор м.а. қызметтерін атқарып келеді. 2003-2008 жылдары Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің тәрбие істері жөніндегі проректоры, 2008-2010 жылдары Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің Ғылым және халықаралық істер жөніндегі проректоры қызметтерін атқарған. 2010-2012 жылдары Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті ректорының баспасөз хатшысы қызметтерін атқарған.

                                                        

      Ләззат Әділбекова білім беру саласында ғылыми зерттеулерді үздіксіз жүргізіп келеді. Ол халықаралық ғылыми журналдарда, республикалық баспасөз бен түрлі дәрежедегі конференцияларда, телерадиоларда қазақ әдебиеттану ғылымы мен жастар тәрбиесіне қатысты үздіксіз мақалалар мен материалдар жариялап келеді. 2004 жылы жастарға ұлағатты тәрбие беруде сіңірген еңбегі үшін Ы.Алтынсарин төсбелгісімен марапатталған. 2016 жыл бойынша ЖОО Үздік Оқытушысы грантының иегері.

                                                                                   

      Қазақстан Президентінің, ҚР БжҒ министрінің, Алматы қаласы әкімінің және тағы басқа ұйымдардың бірнеше мәрте Алғыс хаттарымен марапатталған.

       

      Бөлісу: