QYZPU математигі қазақ тілінде оқулық шығарды



    • QYZPU математигі қазақ тілінде оқулық шығарды

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры Баян Ханжарованың «Дифференциалдық геометрия курсы» атты жаңа оқулығы жарық көрді. Республикалық оқу-әдістемелік кеңестің шешімімен шыққан кітап 200 дана таралыммен «Ұлағат» баспасында басылды. Айта кету керек, Қазақстанда геометриядан жоғары оқу орындарына арналған қазақ тіліндегі оқулықтар өте сирек.    

                                                        

      Жаңа оқулығында үш өлшемді Евклидтік кеңістігіндегі қисықтардың және беттердің теориясы, беттің ішкі геометриясы, жазық қисықтардың арнаулы кластары және қисықтардың ерекше кластарын қарастырған ғалым онда қыздар университетінде еңбек еткен 45 жылдық тәжірибесін жинақтаған.   Сондай-ақ, студенттердің логикалық ойлауын жетілдіретін есептерді шешудің жолдарын көрсеткен. Одан бөлек, оқулықта өз бетімен орындауға есептер мен тапсырмалар берілген.

                                                                                 

      «Дифференциалдық геометрия курсын» студенттерге ғана емес, магистранттар және оқытушыларға да пайдалы. Атап айтқанда, қазақ тіліндегі жаңа оқулықтың еліміздегі математика білімнің дамуына үлесін қосары сөзсіз. 

                                                        

      Баян Xанжарова 150-ден астам ғылыми және әдістемелік еңбек, оның ішінде 20-дан астам оқулық және оқу құралының авторы. Қазақ ұлттық қыздар ұлттық педагогикалық университетінде математиканы оқыту әдістемесі, математика тарихы, сызықтық алгебра және аналитикалық геометрия сынды пәндерден студенттер мен магистранттарға дәрістер оқып, практикалық сабақтар жүргізеді. Сонымен қатар магистранттарға жетекшілік жасап, ғылыми-педагогикалық бағыттағы мамандар дайындау ісіне айтулы үлес қосуда.

                                                                                 

       

      Бөлісу: