QYZPU студенттері қоқыс контейнерінің жаңа түрін ойлап тапты



    • QYZPU студенттері қоқыс контейнерінің жаңа түрін ойлап тапты

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің төрт студенті қоқысты көзді ашып-жұмғанша сұрыптайтын құрылғы ойлап тапты. Контейнер арнайы датчиктері арқылы ішіне түскен қоқысты 0,7 секундта танып, қажетті қорапшаға өзі салады. Яғни тұрмыстық қалдықты «металл, пластик, қағаз және шыны» деп өзі бөледі.

      Ал қорапшалар мотордың көмегімен қозғалады. Студенттер толған қоқысты төгіп-шашпай, экологиялық әдіспен ыңғайлы етіп шығару үшін контейнер жанынан қақпаша орнатқан.

                                                                                

      Бұл әдісті ойлап тапқан 2 курс студенттері Әмина Иманова, Мейрамгүл Қуатова, Динара Бұлқынбек және Хаятхан Сатымбекова. Болашақ робототехниктер қазіргі кезде контейнердің 3D-моделін жасап жатыр. Айтуларынша, жобаны екі аптада аяқтайды. Моделі дайын болған соң конструкторлар контейнердің корпусын жасауға кіріседі. Ал ішкі механизмін қыздар «өзіміз жасап орнатамыз» деп отыр.

      Заманауи қоқыс контейнерін жасап шығару идеясы университетте «Стартап-Томирис» байқауы жарияланған соң пайда болған. Байқау алдында робототехника курсына қатысып жүрген қыздар сонда танысып, достасқан. Кейін төртеуі бірігіп, байқауда бақтарын сынаған. Нәтижесіне жобалары 1 орын ұтып, университеттен оны іске асыруға қаржылық қолдауға ие болған.

                                                                                 

      Қоқыс контейнерінің алғашқы данасын қыздар университетке қоймақшы. Болашақта студенттер қоқысты өзі сұрыптайтын қоқыс контейнерінің өндірісін іске қосуды армандайды.

      Бөлісу: