«Білім шыңы» пәндік олимпиадасы өтті



    • «Білім шыңы» пәндік олимпиадасы өтті

      Мектеп оқушыларының ғылыми әлеуетін арттыру, дарынды жастарға қолдау көрсету және олардың шығармашылығын арттыру – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің басты бағдарының бірі. Осы мақсатты нақты іске асыру орайында оқу орнында «Білім шыңы» республикалық пәндік олимпиадасы өтті.

      Физика, математика және цифрлық технологиялар жоғары мектебінің бастамасымен жүзеге асырылған білім сайысы информатика, математика және физика пәндері бойынша ұйымдастырылды.

      Еліміздегі орта білім беру ұйымдарының оқушылары қатысқан олимпиада екі кезең бойынша өткізілді. Алғашқы айналымда қатысушылар аталған пәндер бойынша тест тапсырмаларын орындаса, екінші турда арнайы есептерді шығарып білімі мен білігін сынап көрді.

      Сайысқа қатысушылардың жұмыстарын Н. Шамбулов, А. Татенов және Г. Түгелбаева сынды Қыздар университетінің Физика кафедрасының оқытушылары бағалап, әділ шешімдерін берді.

      – Олимпиада қазақ және орыс тілдерінде өтті. Сондықтан еліміздегі екі тілде білім алатын оқушылар үшін бұл білім бәйгесі үлкен мүмкіндік тудырды. Сынақ нәтижелерінің бағалау критерийлері комиссия мүшелерінің қатаң тексеруімен өткізілді, соның ішінде дұрыс және нақты жауаптар келтіріп,  логикалық ойлау мен белсенділік танытқан оқушылар жеңіске жетті. Талантты да білімді жастарды анықтауға септесетін бұл білім додасының ауқымы жыл сайын кеңейіп келеді. Бұл біз үшін үлкен абырой деп білеміз, – дейді іс-шара ұйымдастырушылары.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Бөлісу: