Ғалымға құрмет көрсетілді



    • Ғалымға құрмет көрсетілді

       АЛМАТЫ. 25 желтоқсан. Баспасөз орталығы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде белгілі ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Айнагүл Ершинаның 70 жылдық мерейтойына орай халықаралық ғылыми жиын өтті.

      «Білім берудің инновациялық дамуы, ғылымды қажет ететін өндіріс және баламалы энергия көздері» тақырыбындағы онлайн режімдегі басқосуға отандық және шетелдік ғалымдар қатысып, маңызды мәселелерді талқылады.

      Шараның ресми бөлімінде Қыздар университетінің ғылыми жұмыс және инновация жөніндегі проректоры Нұрғали Аршабеков Айнагүл Ершинаны мерейтойымен құттықтап, ғалымның отандық ғылым саласының дамуына сіңірген еңбегін атап өтті.

      Ұлағатты ұстаз, ғибратты ғалым, шебер ұйымдастырушы ретінде Сіз бірнеше буын ұрпақты тәрбиелеп, елімізде білімді педагог кадрлар даярлауда өзіндік қолтаңбаңызды қалдырдыңыз. Қарашаңырақ Қазақ университетінен басталған еңбек жолыңыз бен бүгінгі жеткен биік белесіңіз шәкірттеріңізге, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Сіздің жетекшілігіңізбен кандидаттық және магистрлік диссертациялар  табысты қорғалды. Бүгінде аталған еңбектер мемлекет игілігіне пайдаланылуда. Отандық ғылымның дамуына қосқан үлесіңіз бір бұл ғана емес. Сіздің авторлығыңызбен жарық көрген 100-ден астам ғылыми еңбектің дені біртұтас орта механикасы, жылу физикасы және экология салаларын қамтиды. Бұл еңбектер ғалым есімін республика көлемінде ғана емес, сондай-ақ алыс-жақын шетелдерге де танымал етті, – деді Нұрғали Аршабеков.

      «Баламалы қуат көздері энергетикалық тәуелділіктен құтқара ма? Оны тиімді пайдалану мен дамыту қаншалықты деңгейде жүргізілуде?» Осы тақілеттес сауалдарды қамтыған конференция жұмысы 3 бағыт бойынша жүргізілді. Атап айтқанда, қатысушылар «GREEN ENERGY» – болашақ энергия көздері», «ХХІ ғасыр: ғылым, қоғам, экология» және «Заманауи білім беру: бүгіні мен ертеңі» секциялары бойынша пайымды пікірлерін ортаға салды.

      Айта кетейік, Айнагүл Ершина 1971 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Физика-математика факультетін үздік бағамен және 1979 жылы С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірген.

      А. Ершина 1995 жылдан бері жел энергиясын электр энергиясына айналдыратын жел электр қондырғыларын зерттеумен шұғылданады. Ғалым Қыздар университетінде шәкірт тәрбиелеумен бірге соңғы 20 жылда «Альтернативті энергия көздерін пайдалану» басымдылық бағыты бойынша  ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірнеше гранттық қаржыландырылған жобаларында ғылыми жетекші, жауапты атқарушы болып қызмет істеп келеді. Сондай-ақ ғылыми, ғылыми-техникалық жобаларға мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама жүргізеді.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07

      e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com 

      Бөлісу: