Республикалық байқаудың жеңімпазы атанды



    • Республикалық байқаудың жеңімпазы атанды

       АЛМАТЫ. 6 қаңтар. Баспасөз орталығы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Өнер және менеджмент институтының 3 курс студенті Зәуре Бекенова «Жылдың үздік студенті» атты республикалық байқауға қатысып, жеңімпаз атанды. 

      Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясатын дамыту мақсатындағы сайыс «Білім-өркениеті» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының мұрындық болуымен ұйымдастырылды. Байқауға қатысуға еліміздегі жоғары оқу орындарының 400-ден астам студенті өтініш беріп, соның ішінен 100 студент іріктелініп алынған.

      Жеңімпаздар арнайы дипломмен және төсбелгімен марапатталды. Сонымен қатар байқау жүлдегерлері туралы арнайы жинақ жарық көрді.

      Зәуре Бекенова 2000 жылғы 14 сәуірде Жамбыл облысының Мойынқұм ауылында дүниеге келген. Бүгінде Қыздар университетінде «Мәдени-тынығу жұмысы» мамандығы бойынша білім алады. Оқу орнында білім ала жүріп, қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысады. 2019 жылдан бері университеттің «Jas Otan» жастар қанатының төрайымы қызметін атқарып, саяси белсенділігін де танытып жүр. З. Бекенова республикалық білім, ғылым және өнер байқауларының қатысушысы әрі жүлдегері. Атап айтқанда, бойжеткен республикалық «Жас дарын» хор байқауында эстрадалық ән салу аталымы бойынша бірінші орынға ие болған.

      – Мақсатым – абыройлы, өз ісінің нағыз маманы болып қалыптасу. Сондай-ақ Қазақ елінің жаһан алдындағы беделін арттыруға да өзіндік үлесімді қосуға ниеттімін, – дейді Зәуре Бекенова.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07

      e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com  

      Бөлісу: