Талантты жастарды қолдайтын жоба бастау алды



    • Талантты жастарды қолдайтын жоба бастау алды

      АЛМАТЫ. 8 ақпан. Баспасөз орталығы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде оқу орнының білім, ғылым, спорт және өнер салалары бойынша елеулі табысқа қол жеткізген талантты студенттерін қолдауға бағытталған «Жетістікке жеткен жастар» атты медиа жоба бастау алды.

      Университеттің Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Жандар Асанның айтуынша, бастаманың басты мақсаты – білім-ғылымға бейім, бойында табиғи қарым-қабілеті бар жастардың танылуына ықпал ету және өзге студенттерді ынталандыру.

      Бұған дейін Қыздар университетінің «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шыққан студенттері туралы «Qyzdar Ýniversiteti» газеті мен өзге де бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар сериясы жарияланған болатын.

      Айта кетейік, өткен жылы Қыздар университетінің студенттері 200-ден астам халықаралық, республикалық және аймақтық білім, ғылым, өнер және спорт жарыстарында жүлделі орындарға ие болып, оқу орнының мерейін тасытты.

      Сонымен қатар білімгерлер елімізде өткен түрлі ғылыми жобалар байқауы мен зияткерлік ойындарда да бағы жанып, үздік атанып келеді. Университет даңқы тек қана білім сайыстарында ғана емес спорттық додаларда да жиі шығып жүр.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07

      e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com

      Бөлісу: