«Болашақ» стипендиясы қалай тағайындалады?



    • «Болашақ» стипендиясы қалай тағайындалады?

       АЛМАТЫ. 3 маусым. Баспасөз орталығы – «Болашақ» стипендиясы қалай тағайындалады? Конкурстық іріктеу қалай жүргізіледі? Осы және өзге де сауалдардың жауабын беру мақсатында 7 маусым күні сағат 12:00-де «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның президенті Айнұр Кәрібозова Қыздар университетінің ұжымы және білім алушыларымен кездесу өткізеді.

      «Болашақ»: жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында өтетін брифингте әлемнің жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарында магистратура және докторантура бойынша ғылыми тағылымдалар жайында да маңызды ақпараттар айтылмақ.

      Сонымен қатар сапар аясында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылады деп күтілуде.

      Ынтымақтастық шеңберінде өзара ақпарат алмасу, «Болашақ» халықаралық стипендиясы түлектерін жұмысқа орналастыруға байланысты мәселелер, бос жұмыс орындары (бос лауазымдар) туралы хабарландыруларды қос тараптың әлеуметтік желілері мен жаңалықтар лентасында жариялау, кадр мәселелері бойынша кеңес беру және олардың шешу жолдарын іздестіру сынды іс-шаралар жүзеге асады.

      Айта кетейік, 2021 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға 1055 стипендия бөлінді. Оның ішінде 385 стипендия магистратура бағдарламасы бойынша бөлінген. Ал 60 стипендия докторантура және резидентура бағдарламалары бойынша бөлінген.

      Сондай-ақ 110 стипендия педагогикалық және мемлекеттік қызметкерлердің, денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлердің, инженерлік-техникалық қызметкерлердің тағылымдамадан өтуіне арналған.

      500 стипендия қазақстандық ғалымдарға әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өту үшін берілетін болады.

      Стипендия беруге үміткерлерге академиялық оқу үшін 80 мамандық және тағылымдамадан өту үшін 137 мамандық ұсынылған.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07

      e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com 

      Бөлісу: