Университет ректоры Тамыз кеңесінің панельдік сессиясына қатысты



    • Университет ректоры Тамыз кеңесінің панельдік сессиясына қатысты

       АЛМАТЫ. 12 тамыз. Баспасөз орталығы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай педагогтердің Тамыз конференциясы аясында ұйымдастырылған «Мұғалімнің кәсіби шеберлігі және үздіксіз кәсіби дамуы» панельдік сессиясына қатысты.

      «Өрлеу» БАҰО-ның алаңында өткен іс-шараға Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының өңірлік білім басқармаларының басшылары, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалдарының директорлары, «НЗМ» ДББҰ ПШО өкілдері қатысты.

      Жиын барысында Еуропалық білім беру қорының сарапшысы Джулиан Стэнли педагогтің кәсіби дамуындағы ең үздік тәсілдер туралы заманауи ғылыми зерттеулердің нәтижелерімен таныстырып өтті. Сонымен қатар басқосуда Гүлмира Қанай, Элейн Шарплин, Алима Ибрашева және өзге де сарапшылар педагогтің үздіксіз кәсіби дамуының сын-қатерлері мен ұсыныстарын талқылады.

      Секция отырысының өзге де спикерлері өз баяндамаларында жоғары оқу орны педагогінің кәсіби даму мүмкіндіктері мен траекториясы туралы, мектепке дейінгі білім мен жоғары білімге дейінгі білім берудің барлық деңгейлерін қамтитын кәсіби даму жолдарының ерекшеліктері, педагогтердің кәсіби дамуының бағыттары, нысандары мен әдістеріне тоқталды. Сондай-ақ сарапшылар педагогтердің кәсіби өсуі үшін жағдай жасаудағы мектеп тәжірибесімен бөлісіп, колледж оқытушыларының кәсіби құзыреттілік деңгейін арттыруға арналған іс-шаралар кешені туралы әңгімеледі.

      Жас мұғалімнің де, педагогтің де кәсіби өсу жолын ашудың түрлі әдістерін нақтылады. 

      Отырыс соңында модератор, Назарбаев Университеті Жоғары білім беру мектебінің профессоры Дуйшон Шаматовтың ұсынысымен қатысушылар мен YouTube тікелей эфир көрермендерінен және Facebook «НЦПК «Өрлеу» ресми парақшасына келіп түскен сұрақтарға жауаптар берілді.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07

      e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com 

      Бөлісу: