Педагогикалық идеялар фестивалі басталды



    • Педагогикалық идеялар фестивалі басталды

      АЛМАТЫ. 2 қараша. Баспасөз орталығы – Бүгін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде педагогикалық идеялар фестивалі басталды. «Кластерлік білім беру – жүзеге асыру және перспективалары» тақырыбындағы іс-шара бір аптаға созылады.

      Алғаш рет ұйымдастырылып отырған фестиваль жұмысына республикалық білім беру саласының басшылары, Алматы қаласы және Алматы облысының мектеп мұғалімдері және педагогикалық жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысуда.

      Фестивальдің пленарлық мәжілісін Университеттің Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай ашып, жиын жұмысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ ол өз сөзінде өмір бойы үздіксіз білім беру қағидасын жүзеге асырудың маңызын жан-жақты әңгімеледі.

      Мәжіліс барысында «BilimInvest» білім беру саласындағы ұлттық инвесторлар қауымдастығының президенті Кулянда Батырбекова «BilimInvest» Қауымдастығы үлгісінде кластерлік білім беру», Республикалық жеке меншік білім беру ұйымдары қауымдастығының төрайымы Роза Садықова «Білім сапасын арттырудағы жеке меншік білім беру ұйымдарының рөлі», №113 бөбекжай-балабақшаның меңгерушісі Шолпан Қалиасқарова «Мектепке дейінгі білім беру мекемелерін маманмен қамтамасыз етудег мәселелер» тақырыптарында баяндама жасады. Олар салада туындап отырған бірқатар мәселелерді алға тартып, оны шешу жолдарын ұсынды.

      Басқосудың екінші бөлімінде жиын қатысушылары өзара пікір алмасып, көтеріліп отырған тақырыптардың маңыздылығына назар аударды.

      Айта кетейік, бір аптаға созылатын фестиваль аясында отандық жетекші әдіскер мұғалімдер болашақ педагогтерге ашық сабақтар мен шеберлік сыныптарын өткізбек.

      Сонымен қатар, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің жетекші ғалымдарының шеберлік сыныптары да ұйымдастырылады.

      МЕДИА

      Маркетинг және коммуникациялар департаменті

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05

      e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz

      Бөлісу: