Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?



    • Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?

      АЛМАТЫ. 17 қараша. Баспасөз орталығы – Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз? Қазақ елі тәуелсіздік жолында қандай жағдайларды бастан кешірді? Бүгінгі мемлекеттілікке қалай қол жеткіздік? Университетте осындай сауалдарға жауап іздеу мақсатында тағылымды іс-шара өтті.

      Ел егемендігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған жиында тарих ғылымдарының кандидаты Ақмарал Қожабекова баяндама жасап, Тәуелсіздік кезеңінде еліміздің қол жеткен жетістіктеріне тоқталып, Қазақстанның жүріп өткен жолына шегініс жасады.

      – Еліміздің тәуелсіздік шежіресі жазыла бастағанына небәрі 26 жыл болады. Бұл – тарих тұрғысынан қас қағым сәт десек те, еліміз үшін ғасырға бергісіз кезең. Қазақ елі тәуелсіздігін алғаннан бері қыруар жұмыстарды атқарды. Тәуелсіздіктің нәтижесінде тамыры теренде жатқан төл тарихымыздың жаңа беттері ашылды. Тәуелсіздік қазақ халқының еңсесін көтерді, рухани серпілісін оятты. Тәуелсіздік қасиетті ұғым екенін, оның мағынасы зор, қанша жыл уақыт өтсе де оның бағасы жойылмайтындығын ұғындыра түсті, – деді Ақмарал Қожабекова.

      Өскелең  ұрпақтың бойындағы Отанға деген құрмет пен махаббатты дамыту мақсатында ұйымдастырылған іс-шарада Түркияның Башкент  университетінің профессоры Сүйер Экер сөз сөйлеп, жиналғандарды ұлы мерекемен құттықтады.

      – Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толды. Қазақстанның Тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мемлекет болғанымызды мақтан тұтамыз. Берік достығымыз ортақ тарих пен мәдени байланыстардан нәр алуда. Өзара тиімділік пен сыйластық негізінде екі жақты қарым-қатынастарымыздың одан әрі нығая түсетініне зор сенімдеміз, – деді Сүйер Экер.

      Ұлы мерекеге арналған шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

      Мерекелік кеште  оқу орнының білім алушылары  «Қазағымсың», «Қазақ елі осындай», «Атамекен», «Мен қазақпын» сияқты патриоттық әндерді орындап, Отан, ел, Тәуелсіздік туралы өлеңдерді оқыды.

      Салтанатты жиын Университеттің студенттік хорының орындауындағы «Мен қазақпын»  әнімен аяқталды.

      Маркетинг және коммуникациялар департаменті

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05

      e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz

      Бөлісу: