Университетте психология апталығы басталды



    • Университетте психология апталығы басталды

      АЛМАТЫ. 17 қараша. Баспасөз орталығы – «Құбығұл Жарықбаев мұрасы – қазақ психология ғылымының рухани асыл қазынасы». Осындай атаумен Университетте психология апталығы басталды.

      Білім беру саласының қызметкерлері мен педагогикалық жоғары оқу орындарының білім алушыларына арналған апталық аясында шеберлік сыныптары, ашық сабақтар мен тренингтер өткізілмек.

      Бес күндік іс-шараны Теориялық және практикалық психология кафедрасы өткізеді.

      Апталықтың ресми ашылуында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Ректорының кеңесшісі Нұрғали Аршабеков сөз сөйлеп, шараның маңызына тоқталды.

      Сондай-ақ басқосуда Университеттің профессоры, психология ғылымдарының докторы Хорлан Шерьязданова, Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, психология ғылымдарының докторы Алма Ақажанова, Қазақ психология қоғамының президенті, профессор, академик Мұқан Перленбетов сынды ғалымдар баяндама жасады.

      Олар өз сөзінде отандық психология ғылымының дамуында Құбығұл Жарықбаевтың қызметіне жан-жақты тоқталды.

      – Құбығұл Жарықбаев Қазақстандағы психологиялық және педагогикалық ой-пікірлердің даму тарихы мен этнопсихология мәселелерін жете зерттеді. Ол Алаш қайраткерлерінің психологиялық және педагогикалық мұралары жөнінде бірқатар ғылыми еңбектер те жазды. Ғалым еңбектерінде қазақ халқының сан ғасырлық психология ұғым-түсініктері жан-жақты талданған, – деп атап өтті жиында сөз алғандар.

      Басқосу барысында ұсыныстар талқыланып, жиынға қатысушылар өзара пікір алмасты. Арнайы резолюция қабылданды.

      Апта бойы жоғары оқу орындарының, колледждердің, мектептердің, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің педагог-психологтары мен оқушылары, олардың ата-аналары үшін түрлі тақырып алаңы жұмыс істейтін болады. Мақсатымыз – ағартушылық-профилактикалық іс-шаралар арқылы психологиялық-педагогикалық мәдениетті арттыру, – дейді іс-шара ұйымдастырушылары.

      Маркетинг және коммуникациялар департаменті

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05

      e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz

      Бөлісу: