Мектепке дейінгі оқытудың заманауи тенденциялары сарапталды



    • Мектепке дейінгі оқытудың заманауи тенденциялары сарапталды

      АЛМАТЫ. 2 желтоқсан. Баспасөз орталығы Заманауи мектепке дейінгі білім беруде нендей жаңашылдықтар бар? Оның даму векторлары қандай? Осы сауалдарға жауап іздеу мақсатында Университетте халықаралық жиын өтті.

      Ел егемендігінің 30 жылдығына арналған онлайн форматтағы басқосуға педагогтер, білім беру саласының менеджерлері және жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысып, өзара пікір алмасты.

      Ғылым мен білім берудің жаһандану және трансформациялау жағдайында мектепке дейінгі білім берудің даму мәселелерін талқылау және қалыптасқан тәжірибелерді қорытындылау мақсатындағы конференция жұмысы 5 бағытта жүрді.

      Конференцияда мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу жөнінде жергілікті және халықаралық зерттеушілер де өз ойларымен бөлісті. Олардың қатарында педагогика ғылымдарының докторы, профессор Сайра Жиенбаева, «OYNA балалық шақ институты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Гаухар Киикова, Кембридж университеті Білім беру факультетінің профессоры, доктор Хелен Демитроу, Түркияның Нийде Өмер Халисдемир университетінің профессоры Недим Бекирчи және Қазан федералды университетінің профессоры Алла Твардовская бар.

      Сондай-ақ жиын барысында «Балалық шақтың заманауи көрінісі және мектепке дейінгі білім берудің даму векторлары», «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды табысты жүзеге асырудың әлеуметтік-психологиялық тетіктері», «Мектепке дейінгі және бастауыш білім берудің сабақтастығы – сапаны қамтамасыз ету ресурсы», «Мектепке дейінгі инклюзивті және арнайы білім беру: теориядан тәжірибеге», «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды трансформациялау жағдайындағы педагогикалық менеджмент және педагог мамандар даярлау» секциялары бойынша ғалымдар өз зерттеулерімен бөлісті.

      – Конференцияда талқыланған тақырыптар қатарында мектепке дейінгі білім берудің даму векторлары, оны жүзеге асырудың әлеуметтік-психологиялық тетіктері болды. Білім сапасын қамтамасыз етуде мектепке дейінгі және бастауыш білім берудің сабақтастығы, инклюзивті және арнайы білім берудің теориялық аспектілері де айтылды. Сондай-ақ болашақ педагог мамандарын даярлаудың қазіргі жайы сөз болды, – деп атап өтті Мектепке дейінгі және бастауыш білім кафедрасының бағдарлама көшбасшысы Адлет Кариев.

      Маркетинг және коммуникациялар департаменті

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05

      e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz

      Бөлісу: