Университет ректоры Паралимпиада жеңімпаздарымен кездесті



    • Университет ректоры Паралимпиада жеңімпаздарымен кездесті

      АЛМАТЫ. 3 желтоқсан. Баспасөз орталығы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай Паралимпиада ойындарының жеңімпаздарымен кездесті.

      Кездесуге Еуропа пара-таеквондо Чемпионатының чемпионы, Қазақстанның спорт шебері Камиля Досмалова, Қазақстан Паралимпиадалық Спартакидасының жеңімпазы, пара-таеквондошы Нұрбек Жұмақан және Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, белгілі спорт майталманы Мұстафа Өзтүріктің шәкірті,  таеквондошы Сұлтанмахмұт Шоқбытов қатысты.

      Жүздесу барысында жас спортшылар өздері туралы, спорттағы айтулы жетістіктері мен келешекке жоспарлары туралы әңгімеледі.

      Өз кезегінде Университет ректоры паралимпиадашыларды табандылық пен қайсарлықтың, қажымас жігер мен мықты рухтың символы екендігін атап өтті.

      – Көптеген спортшының арасынан үздік шығып, Паралимпиада ойындарына қатысу және жеңімпаз атану – екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сіздер бұл жетістікке табандылық пен кәсіби дайындықтың арқасында қол жеткізуге болатынын айқын дәлелдедіңіздер. Сіздерді барша отандасымыз мақтан тұтады, – деді Гүлмира Қанай.

      Сондай-ақ Университет басшысы оқу орнының спорттық әлеуеті турасында да сөз қозғады.

      – Біздің Университеттің даңқы тек білім мен ғылымда ғана емес, сондай-ақ түрлі деңгейдегі спорттық жарыстарда да жиі шығып келеді. Бүгінде оқу орнының баскетбол, волейбол, шағын футбол құрама командалары көптеген халықаралық, республикалық турнирлерде үздіктер қатарында, көш басында. Сонымен қатар университет студенттері ауыр атлетика, теннис, суда жүзу, күрес сынды спорт түрлерінен жеңімпаз атанып жүр. Білім ордасының базасы бойжеткендердің спорттың бірнеше түрімен шұғылдануына толықтай мүмкіндік береді. Атап айтқанда, оқу орнында спорт кешендері, «Aqqu» бассейні және заманауи құралдармен жабдықталған фитнес залдары бар, – деп атап өтті Университет ректоры.

      Маркетинг және коммуникациялар департаменті

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05

      e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz

      Бөлісу: