«Digital Ustaz Almaty» байқауын тамашалады



    • «Digital Ustaz Almaty» байқауын тамашалады

      АЛМАТЫ. 7 желтоқсан. Баспасөз орталығы – Университеттің Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай оқу орнының бір топ белсенді студенттерімен бірге «Digital Ustaz Almaty» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты.

      Бұл – болашақ педагогтерге ерекше әсер еткені анық. Себебі байқау Алматы мектептерінде оқыту процесін цифрландыруды танымал етуге және қаланың үздік digital-ұстаздарын анықтауға бағытталған.

      Ұйымдастырушылардың айтуынша, бірінші кезеңге барлығы 2 647 мұғалім тіркелді. Бірінші кезеңнің тапсырмасын – мультимедиялық мақала құруды – 243 қатысушы іске асырды, оның ішінде 105 ұстаз келесі кезеңге өтті.

      Байқау қорытындысы бойынша тарих пәнінің мұғалімі, Galaxy International School гуманитарлық ғылымдар кафедрасының меңгерушісі Сағынғали Қалиев байқау жеңімпазы атанды. Енді ол Лондонға барып, ағылшын білім беру ұйымдарының бірінде тәжірибе жинайды.

      Екінші орынды «Білім-Инновация» лицейінен Ерлан Нұғман мен Нұрбек Серікұлы бөлісті, үшінші орынды (№31 ЖББМ КММ) Ерлан Керімбай иеленді.

      Мектепте цифрландыруды танымал етуге бағытталған алғашқы конкурс жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты.

      Айта кетейік, биыл оңтүстік астанада «Алматы мектептері» білім беру қызметкерлерінің кадрлық әлеуетін дамытудың үш жылдық бағдарламасы басталған еді. Бағдарлама аясында Digital Ustaz Almaty сандық құзыреттер саласындағы кәсіби шеберлік байқауы да болды.

      Бақытжан Сағынтаев аталған байқаудың үздік педагогикалық әдістер алаңына айналып, ұстаздардың әрі қарай кәсіби өсуі үшін ынталандыру болатынына сенім білдірді.

      Айта кетейік, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орайластырылған байқау ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Алматы қаласының әкімдігі, Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім беру қоры, EdCrunch Academy заманауи білім беру институты ұйымдастырған.

      МЕДИА

      Маркетинг және коммуникациялар департаменті

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05

      e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz

      Бөлісу: