Канадалық ғалым дәрістер сериясын өткізді



    • Канадалық ғалым дәрістер сериясын өткізді

      АЛМАТЫ. 7 желтоқсан. Баспасөз орталығы – Канаданың Альберта университетінің профессоры, PhD Дейв Чан Университетіміздің «Информатика», «Математика» және «Физика» білім беру бағдарламаларының докторанттарына дәрістер сериясын жүргізді.

      «Numerical Methods in Computer Modelling» тақырыбындағы дәрісте білім алушылар ғылыми және инженерлік мәселелердің шешімін табудың заманауи тәсілдерін меңгерді.

      Дейв Чан тақырып аясында ғана білім беріп қоймай, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмысын оңтайлы ұйымдастыру, жобаны компьютерде модельдеу, алынған зерттеу нәтижелерін сандық және сапалық талдау жайында кеңес берді.

      Курс соңында докторанттар алынған білімнің нәтижесі бойынша емтихан тапсырып, сертификаттарға ие болды.

      Айта кетейік, профессор Дейв Чан ұзақ жылдар бойы табиғат құбылыстарын компьютерлік модельдеу саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізумен айналысады.

      Ғалым табиғат құбылыстарын компьютерлік модельдеуде қолданылатын шекті және дискретті элементтердің жаңа әдістерін әзірлеуші ретінде дүние жүзіне танымал маман. Оның Scopus халықаралық деректер қорында 100-ден аса ғылыми еңбектері индекстеліп, ағымдағы жылдың нәтижесі бойынша Хирш индексі 21-ге тең болды.

      Сонымен қатар канадалық ғалым Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Информатика және қолданбалы математика кафедрасының профессоры, техника ғылымдарының докторы Рысбек Баймаханмен бірге ғылыми жобалар әзірлеп, оны нақты жүзеге асырып келеді.

      Екі ғалымның серіктестігінің нәтижесінде Канаданың Альберта университеті мен біздің Университет арасында білім алушылармен ғылыми жұмыстар және жобаларды бірге дайындау, өзара ғылыми тағылымдамалардан өту туралы халықаралық меморандум жасалған болатын. 

      Бүгінде қос жоғары оқу орны арасындағы серіктестікті қайта жаңғырту жоспарланып отыр.

      Маркетинг және коммуникациялар департаменті

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05

      e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz

      Бөлісу: