Музей қоры жаңа жәдігерлермен толықты



    • Музей қоры жаңа жәдігерлермен толықты

      АЛМАТЫ. 1 АҚПАН. БАСПАСӨЗ ОРТАЛЫҒЫ – Университеттің «Aqtumar» музейінің қоры оқу орнын 1989-1999 жылдары аралығында басқарған Сейілбек Исаевтың жеке мұрағатындағы материалдармен толықты. Ғалымның кітаптары, дипломдары мен өзге де құжаттарын оның қызы Нұржауар Сейілбекқызы тапсырды.

      Алдағы уақытта жәдігерлер қатары толыға беретін болады.

      Қазақ тіл білімінің көрнекті өкілдерінің бірі, белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Сейілбек Исаевтың Университетті дамытуда сіңірген еңбегі үлкен. Сіздердің назарларыңызға ол кісінің ректорлық қызметі кезінде атқарылған жұмыстарды хронологиясын ұсынамыз.

       

      • 1989 жыл.

      1989 жылдан бастап оқу үрдісіне енген жаңалықтардың бірі – ұлттық дәстүрге байланысты «Халықтық педагогика» арнайы курсы енгізілді.

      Ұлттық педагог кадрларды даярлау мақсатымен барлық мамандыққа «Қазақ халқының әдет-ғұрыптары, салт-дәстүрлері» арнайы курс оқытыла бастады.

       

      • 1990 жыл.

      16 мамандық бойынша институт тарихында алғаш рет докторантура және аспирантура бөлімдері ашылды.

       

      • 1991 жыл.

      1991 жылдан бастап алдымен студенттер контингентінің ұлғаюына байланысты институттың білім беру бөлімшелерінің құрылымына өзгерістер енгізіле бастады. Факультеттер іштей бөлініп, жаңа кафедралар мен мамандықтар ашылды.

       

      • 1994 жыл.

      1994 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының құрылғанына 50 жыл толды. Осы жылы білім ордасының жарты ғасырлық өмірінен сыр шерткен «Қызғалдақтар, қызғалдақтар...» атты кітап жарық көрді.

       

      • 1995 жыл.

      Үш мамандық бойынша диссертациялық кеңес ашылды.

       

      P.S.: Сейілбек Исаев 1957 жылы Омбы қаласындағы орыс-қазақ педагогикалық училищені, 1962 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін үздік бағамен бітірген.

      1962-1968 жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл білімі институтында ғылыми қызметкер, 1968-1975 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Қазақ тілі кафедрасының аға оқытушысы, 1975-1987 жылдары факультет деканы, 1980-1988 жылдары кафедра меңгерушісі, 1988-1989 жылдары Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтында Қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды.

      1989 жылдың наурыз айынан Сейілбек Исаев Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының ректоры болып сайланды.

      Сейілбек Исаев бірнеше ғалымдарды дайындап, өзіндік мектебін қалыптастырды.

      Оның авторлығымен 200-ге жуық ғылыми еңбек жарық көрді.

      Ол – ұйымдастырушылық, педагогтік, қоғамдық қызметті ғылыммен шебер ұштастыра білген үлкен ғалым.

      МЕДИА

        Коммуникация және маркетинг департаменті

        Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05             

        e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz        

      Бөлісу: