QyzPU студенттері республикалық ғылыми байқауда жеңімпаз атанды



    • QyzPU студенттері республикалық ғылыми байқауда жеңімпаз атанды

      АЛМАТЫ. 4 АҚПАН. БАСПАСӨЗ ОРТАЛЫҒЫ – Достар, аптаны жағымды жаңалықпен аяқтағымыз келіп отыр! QyzPU студенттері республикалық ғылыми жобалар байқауында жеңімпаз атанды.

      «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 4-курс студенттері Ақниет Садықтың «Саттар Ерубаев пародиялары» тақырыбындағы ғылыми жобасы екінші орынға ие болса, Әйгерім Құрманқожаның «Түркі ескерткіштеріндегі хандар бейнесі» атты жұмысы үшінші орын алды.

      Жеңімпаздар Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиевтің дипломдарымен марапатталды.

      – Ақниет Садықтың жобасының мақсаты – Саттар Ерубаевтың пародияларын жаңаша қарастыру арқылы жазушының пародия жазудағы шеберлігін анықтау. Ғылыми жұмыста қаламгердің шығармашылық лабораториясы, оның жазушылық ұстанымы, портрет жасаудағы шеберлігі жан-жақты зерделенді, – дейді студенттің ғылыми жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты Бибігүл Сұлтанова.

      Ал Әйгерім Құрманқожаның ғылыми жұмысында қазақ және түркі халықтарының фольклорындағы ғажайып туу мотивінің зерттелу тарихы, көне әдеби мұралар зерттелген.

      Жас ғалымның ғылыми жетекшісі филология ғылымдарының кандидаты Болатхан Сарбасовтың айтуынша, жұмыста «Оғызнама», «Шыңғыснама», «Қорқыт ата» сынды эпостар қарастырылған.

      – Қазіргі күнде «Түркі ескерткіштеріндегі хандар бейнесі» сынды тақырыптар өте өзекті әрі жете зерттеуді қажет етеді. Әйгерімнің ғылыми жұмысының жоғары бағаланғаны көне эпостық мұраларды зерттеу үлкен сұраныста тұрғандығын білдіреді, – деп атап өтті Болатхан Сарбасов.

        Коммуникация және маркетинг департаменті

        Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05             

        e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz        

      Бөлісу: