QyzPU студенттері «Жаңа ғасыр» театрының жаңа қойылымын тамашалады



    • QyzPU студенттері «Жаңа ғасыр» театрының жаңа қойылымын тамашалады

      АЛМАТЫ. 16 АҚПАН. БАСПАСӨЗ ОРТАЛЫҒЫ – QyzPU студенттері Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімовтің шәкірттерінен құрылған «Жаңа ғасыр» театрының жаңа қойылымын тамашалады.

      Назарға ұсынылған Карло Гольдонидің «Айлакер жесір» комедиясы шытырман оқиғаға толы шығарма. Пьесаның сюжеті Стефанелло деи Безеньеоздің жесір әйелі Разаура ханымның өзіне жар таңдауымен басталады. Разаура ханымның қыңыр шалынан қалған шексіз байлығы төрт сері жігіттің көзіне түседі.  Түрлі ұлттардан шыққан серілер ханымға өздерінің сезімдерін білдіріп, түрлі қитұрқы әрекеттерге барады.

      Қойылымның режиссері – Асанәлі Әшімов.

      – Өскелең ұрпаққа, талантты жастарға нақты қолдауымыз болсын деп жаңа театр ашқан болатынбыз. Бүгінге дейін өнер ұжымының репертуарында 7 қойылым бар. Соның ішінде шоқтығы биік Мұхтар Әуезовтың «Қарагөз» драмасы, И. Миччидің «Арыстандар патшалығы» музыкалық драмасы және Елдар Ташкенбайдың «Соңғы қоңырау» поэтикалық драмасы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сахналанған спектакльдердің жанры да, идеясы да, пішіні мен мінезі де әрқилы. Бір-біріне ұқсамайды. Театр әртістерінің барлығы да менің шәкірттерім. Келешегінен үлкен үміт күтетін жастар, – дейді Асанәлі Әшімов.

      Қойылым соңында Асанәлі Әшімов QyzPU студенттерімен кездесіп, театрды ашудағы басты мақсатын атап өтті. Өз кезегінде Университеттің басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай Халық әртісіне ізгі ниетін білдірді.

      – Театр саласының өркендеуіне және елімізде тәжірибелі өнер адамдарының мектебін қалыптастыруда Сіздердің өзіндік алар орындарыңыз бар деп ойлаймын. Жасампаз халқымыздың және жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, жаңалықтың жаршысы болып келе жатқан театр ұжымына зор алғысымды білдіремін. Ұжым мүшелеріне зор денсаулық, отбасыларына баянды бақ-береке, шығармашылық табыс тілеймін, – деді Гүлмира Қанай.

      МЕДИА

        Коммуникация және маркетинг департаменті

        Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05             

        e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz         

      Бөлісу: