Студенттердің қолөнер еңбектері таныстырылды



    • Студенттердің қолөнер еңбектері таныстырылды

      АЛМАТЫ. 23 АҚПАН. БАСПАСӨЗ ОРТАЛЫҒЫ – Мәдениет пен өнер – қоғам дамуында үлкен рөл атқаратын саланың бірі. QyzPU University педагог мамандарын даярлаумен қатар, руханият саласына да басымдық береді. Осы мақсатта «Көркем өнердегі даралық» тақырыбында шығармашылық көрме ұйымдастырылды.

      «Art Dara» галереясында өткен іс-шарада көпшілік назарына педагогика ғылымдарының кандидаты Нұрзия Рахметова мен профессор Гүлмария Қалдыбаеваның және «Кәсіптік оқыту» және «Визуалды өнер, көркем еңбек, графика және жобалау» білім беру бағдарламасында оқитын студенттердің шығармашылық еңбектері ұсынылды.

      Атап айтқанда, көрмеге қойылған «Роза», «Сәйгүліктер», «Алмалы сай», «Жайлаудағы көш» картиналарында еліміздің табиғаты мен қоршаған орта таңғажайыптары бейнеленген.

      Ал «Дәстүр», «Көктем аруы», «Таңбалы тас» коллекциялары өзіндік дизайнымен ерекшеленеді.

      – Мақсатымыз – студенттерге қазақ халқының сан ғасырлар бойы жинақталған эстетикалық, мәдени мұраларын терең меңгерту арқылы олардың танымдық көзқарасын қалыптастырып, қолөнерге қызығушылықтарын ояту. Ұлттық киім үлгілеріндегі элементтерді жаңа үлгідегі ұлттық киімдерге ендіріп, соны брэндттер қалыптастырсақ деген ойдамыз, – дейді коллекциялар авторы, педагогика ғылымдарының кандидаты Нұрзия Рахметова.

      Киім үлгілерін дайындауға білім алушылар да қатысқан. Студенттер сабақтан тыс уақытта дизайндық киім үлгілері мен коллекцияларды модельдеп, құрастыруды әдетке айналдырған.

      – Қазіргі күнде еңбек нарығында дизайнер мамандарына деген қажеттілік байқалады. Бұған себеп те жоқ емес. Ұлттың ұлылығын ұлықтайтын бұйымдарға сұраныс күн өткен сайын артып келеді. Еліміз бойынша сән орталықтары мен шеберханалар да көптеп ашылуда. Басты мақсатым – ата-баба дәстүрін кеңінен насихаттап қана қоймай, замандастарымды төл өнерді бағалауға, ұлттық мұраны сақтауға үндеу, – дейді студенттер.

      Көрменің ашылуына QyzPU University Ректоры Гүлмира Қанай қатысып, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.

      МЕДИА

        Коммуникация және маркетинг департаменті

        Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05             

        e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz         

      Бөлісу: