QyzPU студентті халықаралық өнер конкурсының жеңімпазы атанды



    • QyzPU студентті халықаралық өнер конкурсының жеңімпазы атанды

      АЛМАТЫ. 10 наурыз. Баспасөз орталығы – Құрметті достар, Сіздерге жақсы жаңалығымызбен бөлісеміз. QyzPU University студенті Әсел Құтбан АҚШ-тың Техас қаласында өткен «Artivities 2022» Халықаралық өнер конкурсында бірінші орынға ие болды.

      Бірнеше жанр бойынша ұйымдастырылған байқауға әлемнің 32 мемлекетінен 100-ге тарта өнерпаз қатысты. Техас таланттылар мектебі мен «Artivities» фестиваль орталығының ұйытқы болуымен өткен сайысқа қатысушылар академиялық вокал, вокал, халықтық вокал, эстрадалық вокал, джаз вокал сынды номинациялары бойынша бақтарын сынады.

      Әсел Құтбан аспапта ойнау жанры бойынша белгілі композитор Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін орындады. Әселдің шығарманы орындау шеберлігі мен әдісі әлемге танымал кәсіби музыка мамандары тарапынан жоғары бағасын алды.

      Талантты студенттің жетекшісі Музыка кафедрасының оқытушысы Нұргүл Бақытбекқызының айтуынша, конкурсқа дайындықтың тыңғылықты болуы – өз нәтижесін берді.

      Осы конкурсқа студенттерімнің арасынан Әсел Құтбанды  таңдауымның өзіндік себебі бар. Оның еңбекқорлығы, ұқыптылығы және өнерге деген сүйіспеншілігі көңіл қуантады. Ол дайындық барысында домбырамен онаудың тың әдістерін меңгеріп, бірқатар кемшіліктерді түзеттік. Нәтижесінде әлемдік байқауда қазылар алқасы тарапынан жоғары баға алдық, – дейді Нұргүл Бақытбекқызы.

      QyzPU University-де «Музыка» мамандығының 2-курсында оқитын Әсел Құтбанның бұған дейін қол жеткізген жетістіктері аз емес. Бірқатар республикалық, халықаралық өнер байқауларында жеңімпаз атанған. Республикалық «X-Factor» телевизиялық жобасының финалисі ретінде қазақстандықтарды өз өнерімен тәнті етті.

      Әсел жетістікке жетуіне өзі білім алатын Университетінің тигізген әсері үлкен болғанын айтады.

      – Бұл Университетті таңдауымның өзіндік себептері бар. Себебі мұнда музыка теориясымен бірге аспаптарда ойнауға да үйретеді. Тәжірибелі ұстаздар мен білікті оқытушылар қалыптасқан. Түлектер қатарында есімі елге танымал Мәдина Ералиева, Тамара Асар, Дина Хамзина, Гүлнұр Оразымбетова сынды өнер майталмандарының болуы да таңдауымды дұрыс жасағаныма әсер етті, – дейді Әсел Құтбан.

      Талантты студентті жетістігімен құттықтаймыз!

      Назарларыңызға Әселдің халықаралық байқауда орындаған шығармасын ұсынамыз.

      МЕДИА

        Коммуникация және маркетинг департаменті

        Байланыс телефоны: +7 727 237 00 05             

        e-mail: qyzdar_universitety@qyzpu.edu.kz         

      Бөлісу: